Ана мен қыз арасындағы сенім мен махаббат – тәрбиенің негізі

  • 10
  • 04.03.2026, 21:56

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Ана мен қыздың қарым-қатынасы – өмір бойы жалғасатын ең нәзік, ең терең байланыстардың бірі. «Бұл қатынас сенімге, құрметке және махаббатқа негізделуі керек», - дейді бір емес, бірнеше қызды тәрбиелеп  отырған отбасылар. 

Әріптесіміз Талғат Жұбаныш үйіне гүлмен оралуды әдетке айналдырған. Себебі оның шаңырағында  бір емес, 5 гүл бар. Жары Айсұлу екеуі төрт қызды тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қыздардың әрқайсысы өнерден құр алақан емес. Аянат волейболға қатысып, қобыз тартады. Ал Ботагөз мың бұрала би билейді. Жайна болса,  қылқаламды серік етіп, сурет салғанды жақсы көреді. Қазақтың халық әртісі Ғазиза Жұбанованың есімі берілген кішкентай Ғазиза әзірге ата-анасының еркесі. Бұл үйдің қағидағысы – қыз баласы еркін әрі  махаббат пен сенімде өсуі керек.

Айсұлу Темірғалиева, көпбалалы ана:

- Көбіне анасы сияқты емес, досы ретінде қараймын қыздарыма, ақылдасамын. Олар да маған барлық сыртта болып жатқан сырларымен  бөліседі. Менің қыздарымының төртеуінің мінездері төрт түрлі. Төрт әлем. Бірақ барлығын қосқанда үлкен бір бақыт мен үшін.

Ал Оспановтар отбасы жеті қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр. Қыз тәрбиесі, соның ішінде ана мен қыздың қарым-қатынасы жайлы бұл кісілерден артық білер ешкім жоқ шығар, сірә. Бүгінде жиен немересін еркелетіп жүрген отанасы: «Ең алдымен  сенім болу керек», - дейді.

Зәмзәгүл Мамалинова, алтын алқа иегері:

- Қыз балалар мен ананың арасындағы сенім өте маңызды. «Қыз баланы қырық үйден тыю» деп бұрын айтылған, бірақ қазіргі тәрбиеде жастар мен балаларға сенім көрсету қажет. Балаға: «Сен мұны істей аласың, сен соған лайықтысың, жақсы оқуға лайықтысың, жақсылыққа, әдемілікке, сұлулыққа лайықтысың» деп мақтау айтсаң, бала саған сенеді және өз қабілетіне сенім артатын болады.

Ал қыздар үшін алғашқы ұстаз, сырлас – олардың аналары. Себебі қыз бала алдымен анасына қарап бой түзейді, оның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, өмірге көзқарасын үлгі етеді. Сондықтан мамандардың пікірінше, қыздың тәрбиесінен бұрын анасының берер үлгі-өнегесіне аса мән беру керек.

Баян Ақатай, ҚХА республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

- «Анасын көріп, қызын ал», - дейді. Яғни анасы өзінің қызын болашақта бір әулеттің үлкен ел анасы, үлкен ел әжесі ретінде көргісі келсе, демек өзі де соған сәйкес, өзінің бойын баптауы керек. Қыз баланың бой түзері, темірқазығы – бірінші кезекте өзінің анасы.

Құрмет, махаббат, қолдау – міне, ана мен қыз арасындағы шынайы қарым-қатынас осындай болуы тиіс. Себебі ана жүрегі – мейірім мекені, ал қыз – сол мейірімнің айнасы.

Алуа Маханбет, Мейірбек Беспаев, Руслан  Нұрланұлы, Сайран Аханбаев