Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан елге тағы 314 отандасымыз жеткізілді. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен Оман елі арқылы Араб әмірліктерінде оқып жүрген студенттер мен саяси ахуалға байланысты елге қайта алмай қалған туристер оралды. Арнайы ұшақ Алматы халықаралық әуежайына қонды.
Эвакуациялық ұшақ Алматыдан Оманға кеше кешкі 20:30 аттанған болатын. Қайтып келу уақыты шамамен таңғы 5:30-ға жоспарланған еді. Алайда ұшып шығуға рұқсат алу, жолаушыларды тіркеу шараларына байланысты ұшақ кешігіп, түс қайта әуежайға келіп қонды.
Сәндеш Ахатова, жолаушы:
- Әринеғ шаршадық, Оманда тәулік бойы отырдық. Балалар жылады. Әрине қиын болды. Атқылағандарын кішкене көрдік.
Отандастарымыз әуелі Оман еліне автобуспен 12 сағат жүріп келген. Маскат қаласына жетіп, сол жерде тіркеуден өтіп, эвакуациялық ұшақты күткен. «Туған жерге аман-есен табанымыз тигеніне қуаныштымыз», - дейді келгендер.
Карима Мурафиева, жолаушы:
- Өміріміз қандай болады екен? Біз қалай елімізге жете алады екенбіз? Елімізді көре алады ма екенбіз деген қатты үрейде болдық. Аллаға шүкір, сансыз шүкір, Қазақстанымызға келгеннен кейін жарқыраған өмірді көріп отырмыз. Өзіміздің елімізге жететін ел ешқайда жоқ.
Күлбибі Сағымбекова, жолаушы:
- Қазақстан мемлекетінің басшылығына рақмет. Сол Дубайдағы елшіліктің жігіттеріне рақмет! Барлық жағдайды жасап, жатын, тамақ, орындарымен қамтамасыз еттті. Барлық жағдайды жасап, бізді сол жерден алып шықты. Елімізге оралдық.
Эвакуациялау барысында бірінші кезекте балалы жолаушылар, қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық берілген. Жалпы саны Оманнан 314 адам арнайы ұшақпен елге жеткізілді.
Жанар Советова, жолаушы:
Негізінде біз екінші рейске қаламыз ба деп тұрдық, өйткені көп адам болды. Сондай-ақ біздің артымызда да қаншама адам қалды. Алайда бірінші рейске баламыздың екі жасында, 5 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге арналған көмек есебінен іліге алдық.
Алматы әуежайында отандастарымызды туыстары, достары күтіп алды. Сондай-ақ көмек қажет болған жағдайда жедел жәрдем қызметі де ұйымдастырылды.
Жанат Төлеубеков, жолаушы:
- Үлкен уайым болды, өйткені отбасымен барғаннан кейін қалай жететінімізді білмедік. Мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен көмекті байқап, оны жақсы сездік. Үлкен алғысымызды білдіреміз. Автобус тегін ұйымдастырылды.
Бұл бүгінге Таяу Шығыстан елімізге келген үшінші ұшақ. Таңертең Сауд Арабиясының Медина мен Джидда қаласында жүрген 321 отандасымыз келген болатын. Енді Оман елінен тағы 230-ға жуық Қазақстан азаматы елге жеткізіледі.
Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев