Астанада «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен ауқымды шара өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық әйел қатысты. Іс-шарада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйледі.
Коалиция жетекшісі елімізде гендерлік саясатқа ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Қамқорлық, отбасына деген жауапкершілік секілді құндылықтар бүгінде жаңа Конституция жобасында қамтылған. Ал «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты аз уақытта еліміздегі ең белсенді қоғамдық-саяси алаңдардың біріне айналды. Ата Заң жобасында отбасы институты мен дәстүрлі құндылықтарды қорғау ісіне ерекше назар аударылған. Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі сипатын сақтайтынын ерекше атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі:
- Президент бірнеше рет атап өткендей, әр адам білім алуға, өзін дамытуға талпынуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы өмірлік көзқарасы жаңа Конституцияның идеологиясымен үндеседі. Онда еліміздің білімді және прогрессивті қоғамға қарай даму жолы айқындалған. Оның басты байлығы – адам капиталы және жастардың терең білімі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміз білімнің терең құндылығын түсініп, ғылымға, мәдениетке ұмтылады деген сөз. Бәлкім, бұл Президенттің ең асыл арманы, енді Конституцияның өзегіне айналады.