Қостанай облысында кооперативтерді көбейту көзделіп отыр

  • 8
  • 05.03.2026, 21:39

Қостанай облысында биыл 28 ауыл шаруашылығы кооперативін құру мақсаты тұр. Әзірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осындай бірлестік ашу жөнінде 14 өтініш қаржыландырылды. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты. Бірлесіп кәсіп жүргізу несімен тиімді? Ауылдағы ағайын кооператив құруға неге құлық танытпай отыр?

Қарасулық үш дос былтыр бірігіп, жылқы өсіруге бел буыпты. Мамандардың ақыл-кеңесімен кооператив жарғысын жазып, бизнес жобасын жасап, қаржыландыруға ұсынған. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23,5 миллион теңге несие алып, 42 жылқы сатып алған. «Енді сол Қамбар ата түлігін өз төлінен көбейтсек», - дейді.      

Рахат Тұрсынбаев, ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы:

- Қалай болғанда да үшеумізге жеңіл. Кез келген мәселені ақылдасып шешеміз. Жандос жылқыға жақын, менің шаруа қожалығым бар, жем-шөппен қамтамасыз етемін, ал Фарид құжаттармен айналысады. Ойласа келе, үшеуміз бірлесіп кооператив құрғанды дұрыс деп шештік. Бір жағынан, жеңілдікпен қомақты несие алуға мүмкіндік туады.

Шынымен, 2025 жылдан бастап бірігіп кәсіп жүргіземіз дегендерге айтарлықтай жеңілдіктер қаралған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша коопративтерге 34 миллион теңгеге дейін несие беріледі.

Назерке Шырдай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Негізі бұл несие 2,5 пайызбен беріледі. Республика бойынша бұл ең төмен болып саналады. Егер ауыл шаруашылығы емес саласы болса, 5 жылға дейінгі уақытқа ол кісілер ала алады. Ал егер ауыл шаруашылығы немесе қайта өңдеу болатын болса, 7 жылға дейін беріледі және жеңілдік есебінде олар 12 айға дейін шегере алады.

Десек те, ауылда кооператив құруға құлшынып отырғандар сирек.  Мамандардың айтуынша: «Ынтымақтасудың тиімділігін жұрт әлі жете түсіне қойған жоқ және кооперавтивке бірігетін үлескерлердің мәртебесі заң жүзінде нақты анықталмауы да бұл үрдіске тежеу болып тұр», - дейді.

Нұркелген Утеулин, шаруашылық басшысы:

- Біріншіден, мысалға, жеке қосалқы шаруашылықты жеке кәсіпкер ретінде сондай статус беруіміз керек. Сосын олар біріккенде оларға басқаша мүмкіндік болады. Сүттің бағасы, еттің бағасы көтеріледі ғой тапсырғанда. Коопреативпен тапсырғанда немесе жеке тапсырғанда айырмашылығы көп. Соны түсінуіміз керек.

Биыл Қостанай облысына «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Осы күнге дейін соның жартысы игеріліп, 56 жоба қаржыландырылды. Оның 14-і ауыл шаруашылығы кооперативтері. Қазір негізінен осы бағытқа басымдық беріліп отыр. 

Қайыржан Есімтаев, «Тобыл» ӘКК департаментінің директоры:

- Ауыл шаруашылығы басқармасымен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың іс-жоспарын дайындадық. Соған сәйкес, жыл аяғына дейін 28 кооператив құру көзделіп отыр. Жауапты өкілетті органдар бірігіп, кәсіп жүргізуге ниет білдіргендерге барынша көмек-қолдау көрсетуге міндетті.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Әрине, бірлестік құру ісін науқаншылдыққа айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге жол берілмейді. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру қажет. Сол үшінде Президент Үкіметке 1-ші қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң дайындауды тапсырды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров