Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гүл саудасы қыза түседі. Әлемде бұл бизнес қарқынды даму үстінде. Ресми дерек бойынша Қазақстан 53 мемлекеттен гүл сатып алады. Ал қазақстандық гүлдер ТМД елдерінің бірқатарына саудаланады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға сырттан 9 мың тонна гүл саудаланған. 2024 жылғы көрсеткіш бұдан біршама көп. 12 мың тонна гүл жеткізіліпті. Көбіне Эквадор, Қытай және Нидерланд елдерінен әкелінеді. Тіпті Кения мен Колумбия да тізімде бар. Ал Қазақстан былтыр Өзбекстан, Беларусь, Ресей мен Қырғызстанға 8 мың тонна гүл сатқан.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Қазақстан жыл сайын гүлдің басым бөлігін шетелден импорттайды. Елден сыртқа экспортталатын гүлдер де бар, алайда оның көлемі айтарлықтай үлкен емес. Мамандардың айтуынша, бұған елімізде гүлдің түрлі сорттары мен түрлерін өндіретін өндірістің аздығы себеп. Ал бар өндірістің өзі көбіне ішкі нарықтың шағын бөлігін ғана қамтып отыр.
Ақмарал Арашева бірнеше жылдан бері гүл сатумен айналысады. Қоғамда гүл сыйлау мәдениеті қалыптасқанын айтады. «Қазір мерекелер мен туған күннен бөлек, еш себепсіз гүл сыйлау үйреншікті жайт», - дейді.
Ақмарал Арашева, гүл дүкенінің иесі:
- Гүл тез солатын, күтімді қажет ететін өнім. Сондықтан кәсіпкер үшін сапалы жеткізу, дұрыс сақтау, ұйымдастыру, клиентке сапалы қызмет көрсету өте маңызды. Бірақ бұл бизнестің ең үлкен артықшылығы – эмоция мен әсемдікке негізделген кәсіп.
Гүл – сұлулық символы
Мамандар: «Қалыпты күндері гүл шоқтарының орташа бағасы 7 мың теңгеден басталса, мереке кезінде 15-20 мың теңгеден басталып, 100-200 мың теңгеге дейін барады», - деп отыр. Ал көктем гүлі қызғалдақтың бір данасы 700-1500 теңге аралығында.
Айта кету керек, Қазақстан қызғалдақтың отаны саналады. Елімізде жауқазынның 35 түрі өседі. Кейінгі жылдары жылыжайларда да өсіріліп, саудаға шығарылып жүр.
Сауалнама:
- Тек қана мерекеде емес, жай күндері де сыйлап тұрамыз.
- Әр ер азаматтың парызы ғой сыйлықтарын беріп, көңілдерін көтеру
- Өстіп жүргеніміз де әйелдің арқасы, дүниеге келгеніміз де шешелеріміздің арқасында.
- Әйел адамдардың әрқашан көңіл күйі жоғары болса деп ойлаймын. Көктем мерекесі құтты болсын!
Асылжан Еламан, тілші:
- Соңғы жылдары дәстүрлі гүл шоқтарына балама ретінде жаңа тренд пайда болды. Бұл — ақшадан жасалған букеттер. Әсері мен пайдасын қатар ұсынатын мұндай сыйлыққа қызығушылық артқан. Десе де тренд, брендтен гөрі көңіл деген аяулы нәрсе бар. Бастысы – сенімге селкеу, көңілге кірбің түспесін!
Асылжан Еламан, Әлібек Әлиев