Көкшетауда республикалық штабтың отырысы өтті

  • 9
  • 05.03.2026, 21:34

Көкшетауда Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейтуге қатысты министрлер мен облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. Премьер-министр шаһардағы Қылшақты өзенін тереңдету жұмыстарымен де танысты.

Ақмола облысы су басу қаупі жоғары аймақ. Биыл 34 ауылға тасқыннан қауіп бар. Өңірде былтырдан бастап дайындық жұмыстары жүргізілді.   Өзеннің 60 шақырымға жуық арнасы тазартылып, табаны тереңдетілді. Одан бөлек, 17 гидротехникалық нысан жаңғыртылды.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Бұл шаралар 100 млн текше метрден астам еріген суды қауіпсіз реттейді. Нәтижесінде 64 мыңға жуық адам тұратын 70 елді мекенде су басу қаупі жойылды деп айтуға болады.

Қазір облыс аумағындағы өзен-көлдердің жағдайы дронмен бақыланады. Бұл шалғай жерлерді шолып шығуға ыңғайлы. 11 ауданда 19 дрон жұмыс істейді.

Мағжан Ержан, цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

- Дрон екі түрлі нұсқада қолданылады. Біріншісі – классикалық түрде, яғни қолмен жеке басқару арқылы. Екіншісі – сценарий бойынша. Бұл жағдайда бізге арнайы қызметтер белгілі бір сценарий береді: қай жерде, қай уақытта және қанша уақыт болу керектігін көрсетеді. Сол кестеге сәйкес дрон ұшқышсыз түрде тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде ұшып, бақылау жүргізіп, фото және видео есеп тапсырып отырады.

Биыл біраз өңірде топырақтың тоңы қатты. Қалың мұз ерімей, қар суы сіңбейді. «Бұл жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін», - дейді Олжас Бектенов. Одан бөлек, кейбір облыста су тасқынына дайындық шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Бүгінде кейбір өңірлер де су тасқынына дайындық шаралары толық қамтамасыз етілмеген. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйелері жоқ. Елді мекендер де қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалды.

Үкімет басшысы дайындық шараларын күшейтуді тапсырды. Құтқару жасақтарын тартып, оның ішінде тікұшақпен тасымалдау алгоритмдерін жаңартуды жүктеді.

 Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жағдай күрделене түссе, су басқан аймақтарға жіберілетін күш пен құрал жедел арттырылады. Осы мақсатта министрліктің қосымша резеврі де құрылды. Оның құрамында 930 адам, 113 техника, 35 жүзу құралы және 99 мотопомпа бар.

Щучинск қаласындағы жарылыс та Премьер-министрдің тікелей бақылауында. Жиында Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрінен қазіргі жағдайды сұрап білді.

 Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Зардап шеккендердің және қаза болған адамдардың туысқандарына мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалып, алдын ала себебі анықталды. Ол тұрмыстық газ баллонның пайдалану талаптарының бұзылуы.

 ЖЭО 2029 жылы іске қосылады

Үкімет басшысы Көкшетауда салынып жатқан жылу электр орталығының құрылысымен танысты. Нысан 2029 жылы пайдалануға беріледі. Кешеннің электр қуаты 240 мегаватт және жылу қуаты 520 гигакалория. Жоба іске қосылған кезде 195 мыңнан астам халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Тағы бір ерекшелігі, жылыту мекемесінде «таза көмір» технологиясы енгізіліп, түтінді кешенді тазарту жүйесі орнатылады.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

- Осы жазда құрылыс жұмыстары қарқын алады. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Энергия нысандарының құрылысына шамамен 2,5 мың адам тартылады, ал пайдалануға берілген кезде 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Көкшетауда 2030 жылға дейін 520 миллиардтан астам теңгеге 40-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру сияқты кәсіпорындар бар. Оның барлығы шаһардағы индустриялық аймақта бой көтереді. Үкімет басшысы Көкшетаудағы      теміржол вокзалының жөндеу жұмыстарын  көрді. Жалпы облыста 16 вокзал жаңартылып жатыр.

 Абзал Азаматұлы, тілші:

- Сапар соңында Олжас Бектенов жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жасау қажеттігін тапсырды. Президент қойған айтулы мақсаттар мен тапсырмаларды орындауға басымдылық берілуі тиіс.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный