Павлодарлықтар жаңа Конституция жобасын қолдайды

  • 9
  • 05.03.2026, 21:40

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған коалиция өкілдері Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті. Қоғам өкілдері, өндіріс саласының мамандары, жастар және аймақ белсенділері жаңа Конституцияның маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті. Жиынға шамамен 900 адам жиналды. Сөз сөйлегендер Конституцияда адамның абыройы, заң алдындағы теңдік және ұлтына, тегі мен дініне қарай кемсітушіліктің болмауын бекітудің маңыздылығын, сондай-ақ ел тағдыры – баршаға ортақ жауапкершілік екеніне назар аударды.

Өңірлік «TURGYNDAR AMANATY» жобасының қатысушылары мен облысының креативті жастары түрлі мәселерді ашық талқылады. Айтуларынша, жаңа Конституцияның қабылдануы жастарға цифрлық ортада, білім, ғылым, мәдениет және саясат салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады. Әрі қарай Павлодар алюминий зауытының алаңында облыстың алюминий кластері мен энергетикалық кәсіпорындары өкілдерімен мазмұнды әңгіме өрбіді. Талқылау барысында коалиция мүшелері павлодарлық өндіріс қызметкерлерінің назарын еңбек адамының мүддесін қорғауға аударды. Жалпы ұлттық референдум қарсаңында коалиция өңірлерде, оның ішінде ең шалғай елді мекендерде де 12 мың іс-шара өткізген. Өңір тұрғындары 15 наурызда өз пікірлерін ашық білдіруге дайын. 

Қобланбек Кожин, қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық коалиция штабының жетекшісі:

- Бүгінгі күні тұрғындар тарапынан жақсы кері байланыс алып жатқан баптар бар. Атап айтқанда, 21-бапта жеке деректердің қорғалуы қарастырылған. Ал 23-бапта сөз бостандығы және цензураға тыйым салынатыны айтылған. 33-бапта отбасылық құндылықтар туралы жазылған. Онда ата-ананың балаға деген жауапкершілігі, сондай-ақ балалардың ата-ана алдындағы жауапкершілігі көрсетілген. Сонымен бірге Ата Заңда бұдан былай өзгерістер мен толықтырулар тек Қазақстан халқының референдумы арқылы енгізілетіні де нақты жазылған.