Жаңа Конституция жобасы әйелдердің құқықтары мен қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Бұл туралы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен сарапшылар клубының кеңейтілген отырысында талқыланды.
Жиында әйелдердің мемлекеттік басқарудағы рөлін арттыру, елді жаңғырту үдерісіне қосып отырған үлесі және алдағы міндеттер сөз болды. Сонымен қатар ана мен баланы қорғау мәселесіне ерекше назар аударылып, әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленіп отыр. Мәулен Әшімбаев елімізде әйелдерді қолдауға бағытталған прогрессивті саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің жедел дамуы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бағдарын айқындап берді. Статистика көрсеткендей, Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлікпен белсенді айналысып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің дамуына үлес қосып келеді. Бұл қадам – экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және халық табысын арттыратын стратегиялық драйвер.