Қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл. Ол Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы әрі қазақ мемлекеттілігі идеясын көтерген тұлға.
Мерейтой қарсаңында Чехия, Словакия және Жапония архивтерінен Әлихан Бөкейхан мен Алашорда тарихына қатысты тың деректер табылды. Жас ғалымдар Чехия мен Словакия мұрағаттарынан чех легионерлерінің Әлихан Бөкейханмен жазысқан хаттарын анықтаған. Құжаттарда қазақ халқының тарихы мен Алашорда үкіметінің саяси қызметі сипатталған. Ал Жапония архивінен Алашорданың Жапон үкіметіне жолдаған құзырхаты табылған.
Ғалымдардың айтуынша, жалпы саны 300-ден астам жаңа құжат Әлихан Бөкейхан тұлғасы мен Алашорда тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік береді.
Сұлтан Хан Аққұлұлы, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD:
- Осы 21 жылы Жапонияда, соңғы 2025 жылы Чехия мен Славакиядан табылған тың құжаттар Алаш қозғалысының, Алаш мемлекетінің тарихын 180 градусқа бұрып отыр. Бұл Алаштың әлі құрылмаған Ресей Федерациясының автономиясы, субъектісі емес, бұл өз алдына дербес егеменді, тәуелсіз мемлекет екенін нақтылап, тарихи деректер негізінде дәлелдеп берді.