Қар күреу, ауыр техниканы басқару, өндірісте қызмет ету… Көпшілік мұндай жұмысты ер азаматтарға ғана тән деп ойлайды. Бірақ бүгінде бұл түсінікті жоққа шығарып жүрген нәзік жандылар көп. Статистикаға сүйенсек, елімізде 4,4 миллионға жуық әйел жұмыс істейді. Бұл олардың жалпы санының 48%. Әсіресе 35-44 жас аралығындағы еңбек ететін әйелдер көп. Жалдамалы жұмысшылар арасындағы үлесі 50 пайыз болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында 45 пайызды құрайды.
Гүлнара Нұрмышева Астананың тазалығына 28 жылдан бері өз үлесін қосып келеді. Еңбек жолын аула сыпырудан бастаған ол, бүгінде бірнеше жұмысшының қызметін үйлестіретін шебер. Күннің аптаған ыстығы мен қақаған аязында да тынымсыз еңбек ететін келіншек, жұмыстың ауырлығын елемейді. Себебі арулардың қолынан келмейтіні жоқ деген пікірде.
Гүлнара Нұрмышева, «Астана тазалық» ЖШС қолмен жинау шебері:
-23 адам жұмыс жасайды. Ол 23 адамның ішіндегі 8 қыз мен айтпаймын олар әлсіз, олар еркектің жұмысын істей алмайды деп айтпаймын. Асып түседі деп айта аламын. Мысалы, қар күреп жүр ме еркек адамдар әйелдер солармен бірге қар күрейді. Мысалы, мына қоқыс жәшіктерін босатып оны жуатын кездер болады. Оны жалғыз әйелдер ғана істемейді. Еркектер де істейді. Мұздарды оятын кез болады. Тағы бұл еркектің жұмысы демейді, әйелдер бірге жұмыс істейді.
Ал Ләззат Туғанбаева көп әйел таңдай бермейтін мамандықты меңгерген. Ол 24 жылдан бері компрессорлық қондырғылардың жұмысын бақылап келеді. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі дәл осы компрессорлардың арқасында жүк тиеген вагондар уақытында тежеліп, қауіпсіз тоқтайды.
Ләззат Туғанбаева, компрессорлық қондырғылардың машинисі:
-Далада біз істейміз кейде. Қар тастаймыз. Жол тазалаймыз. Маған ауыр емес. Өзіме ұнады. Ұнатқан соң келдім. 18 жасымда қалай келдім, содан ұнатқаннан қалдым.
Екі кейіпкеріміз де ер азаматтармен иық тірестіріп, еңбек етіп жүр. Бірақ олар үшін ең маңызды міндет тек жұмыспен шектелмейді. Гүлнара мен Ләззат – жұмыста білікті маман, ал үйде екі баланың қамқор анасы. Нәзіктік пен табандылықты қатар алып жүрген арулар осылайша қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр.
Дана Әлиева, Мейрамбек Қайыркелді, Қайрат Кальянбеков