Таңмен таласа тұрып, ерлермен иық тіресе қайнаған тірліктің тізгініне жармасқан нәзік жанды қыз-келіншектердің еңбегі орасан. Түркістан облысында да ердің жүгін арқалап, еңбектен қашпаған қыз-келіншектер түрлі салада тер төгіп жүр.
«Автокөлік дәрігері». Түркістандық Айзада Мейірбанованы таныстары осылай атайды. Ол ширек ғасырдан бері көліктерге компьютерлік диагностика жасайды. Бұзылған көліктің ақауын әп-сәтте тауып, жөндеп жіберетін келіншекті жүргізушілердің барлығы құрметтейді. Алғаш келгендері таңырқай қарайтынын жасырмайды.
Айзада Мейірбанова, шебер:
-Клиенттер келген кезде таңғалады, істей аласың ба деп сұрап тұрады. Сосын істеп болған соң рақмет деп айтады. Біреулер бар ер адам істей алмағанды қыз бала істей алады ма деп, күдіктеніп тұрады. Өмірге қайтып келсем де осы мамандықты қайтадан істейтін едім.
Нұрила Асанқызы жауынгерлік самбодан әлемдік аренада Қазақстанның туын желбіретіп жүрген спортшы. Ол 2024 жылы самбодан өткен әлем чемпионатында ел қоржынына тарихи алтын салды. «Бұл спорт түрі қыз баласына ауыр болғанымен жаттығу залына келгенде барлығы ұмыт болады»,- дейді Нұрила.
Нұрила Асанқызы, жауынгерлік самбодан әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы:
-Өзіме бір кедергі емес, өзімнің жақсы көретін, сүйіп істейтін тірлігім. Негізі адам баласы өзінің жақсы көретін ісімен айналысуы керек. Сонда ғана табысты, сонда ғана алдыға қарай жетелейді деп ойлаймын.
Ал еліміздегі ең арзан такси Түркістанда. Қаланың қай бұрышына барсаңызда жолақасы адам басына 100 теңге. Қалтаға қолайлы таксиді Бибіқыз Бектұрсынова тізгіндейді. Ол 30 жылдан бері осы кәсіптің нәсібін көріп келеді. Бибіқыздың бағасына бензин құны да, басқа да әсер етпейді. Бастысы береке мен елдің алғысы,- дейді жүргізуші келіншек.
Бибіқыз Бектұрсынова, такси жүргізушісі:
-Жүз теңгеден не пайда табасыз дейді. Негізі тиыннан құралады екен бәрі. Көбіне маған қыз балалар хабарласады. Түнде басқа таксиге мінуге қорқады. Соларды тасып үйге барғанша сағат 12-1 болады. Қазақта бір сөз бар «қанағат қарын тойдырады».
Қыз-келіншектер қандай кәсіпті меңгерсе де, ең бастысы ол ана болып қала береді. Барлық мейірім мен махаббат, ізгілік пен жылулық ананың нәзік жүрегі арқылы бүкіл әлемге тарап, шуағын шаша бермек. Әлем арулармен әдемі, аналармен ыстық.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш