Биыл 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

  • 17
  • 10.03.2026, 21:46

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Құрылыстың басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізіледі. Жоспар ойдағыдай орындалуы үшін құрылысты қаржыландыру, инженерлік инфрақұрылым жүргізу шаралары қатар атқарылады. Билік қолдау көрсете отырып компанияларға қойылатын талапты да қатаңдатады.

Жиында алдымен атқарылған істерге талдау жасалды. Былтыр елімізде 185 мың отбасы баспаналы болыпты. Өсім 16% жеткен. Мамандар бұл тәуір көрсеткіш деп бағалауда. Осы қарқын биыл да бәсеңдемеуі тиіс.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Болжамға сәйкес осы жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метрді құрамақ. Бұл ретте егер тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары күшейтілсе, көрсеткіш өсуі мүмкін. Негізгі жұмыстар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болжанып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын озық қарқынмен жүруі керек. Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек.

Үкімет басшысы науқаншылдыққа салып, қауіпсіздікті ұмытпау қажет екенін ескертті. Өткен жылы құрылыстың сапасына қатысты ресми түрде 63 мыңнан астам шағым түсіпті. Жалпы жағдайды түзеу үшін жаңа Құрылыс кодексі дайындалып, нормалар пысықталған. Сол өзгерістерге сай енді мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігі болмаса, құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарта алмайды. Ал банктер ипотека бермейді. Жалпы сала қызметін цифрландыру және автоматтандыру арқылы жаңғырту көзделуде. Оның тиімділігі неде? 

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

-Астанада құрылыс барысын қадағалау үшін компьютерлік көру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе жер учаскелерін мақсатсыз пайдалануды және қала құрылысы жоспарынан ауытқуларды ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылды автоматтандыру адами фактордың әсерін төмендетеді.

Бұл шешім қаражатын салса да, үйін жылдап күтетіндер, сондай-ақ баспанасына кірсе да тиісті құжатын ала алмайтын фактілерді азайтады. Заңда сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге де баса назар аударылған. Оған қоса мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты мәселені бақылау тетіктері күшейтіліпті. Айтпақшы, құрылыстың қарқын алуына байланысты қажетті материалдарды өндіру бойынша биыл 38 жоба іске қосылады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев