Алматыда курьерлерге қатысты тексеріс күшейтілді

  • 18
  • 10.03.2026, 21:36

Алматыда «Қауіпсіз курьер» және «Келімсек» жедел-профилактикалық іс-шаралары басталды. Рейд үш күнге ұласады. Қазіргі таңда курьер боп жан бағып жүргендер аз емес. Рейдтің мақсаты – қала көшелеріндегі тәртіпті күшейтіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жеке құрам таңсәріден сап түзеді. Жиынды қалалық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов өткізді. Лездемеде тәртіп сақшыларына алдағы рейдтік жұмыстардың негізгі бағыттары түсіндірілді. Курьерлердің жеке куәліктері, оның ішінде шетелдік азаматтардың рұқсат қағаздары тексерілді.

Тәртіп сақшысының шабарманның аккаунтын тексеруі бекер емес. Мамандардың айтуынша кейбір адамдар аккаунтты өз атына ашқанмен жұмысқа баласын шығарып қояды. Кейбірі тіпті шетелдіктерге де береді екен. Курьерлердің дені жол ережесін бұзады. Киберқылмысқа ілігіп, есірткі қылмысына да ұрынып жатқандары бар. 

Айдын Меркімбаев, ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру бөлімінің өкілі:

- Айта кететін болсақ жиырма бесінші жылдың қорытындысы бойынша, 10 мыңға жуық курьерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Осы шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықты тоқтату. Бүгінгі күнде Алматы қаласы полиция департаментінің көші қон және патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдыруда.

Біреу жаяу, бірі велосипедпен, тағы бірі көлікпен курьер болып жүр. Қайткенде де заң ортақ. Рейдтің алғашқы күнінде полиция 158 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 73-і жеткізу қызметімен айналысатын азаматтарға қатысты. Жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисі жоқ, мопедіне мемлекеттік нөмір алмаған азаматтар жауапқа тартылды. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзған 138 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Ернұр Рысбай, Кенже Амраев