«Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

  • 14
  • 10.03.2026, 21:47

Сондай-ақ биыл Ислам және «Ұмай» әйелдер ипотекасы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз-мәслихатында айтылды.

Бүгін «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Барлығы онлайн форматта жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде 4 мыңға жуық отбасы баспана алуға ниет білдіріп, өтінім қалдырған.

Назерке Ғалым, «Отбасы банкі» АҚ баспасөз-хатшысы:

-«Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін міндетті түрде «Отбасы банкінің» клиенті болу керек. Депозитте кемінде 2 млн теңге болуы тиіс. Сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда өз атына тіркелген баспанасы болмауы керек. Кезекте тұрса да, тұрмаса да кез келген азамат бағдарламаға қатыса алады.

Үкімет азаматтарға мемлекеттік қолдау алуды жеңілдету үшін бірқатар шара қабылдады. Соның бірі – «Отбасы банкіне» ұлттық даму институты мәртебесінің берілуі. Ал «Наурыз» және «Наурыз – жұмыскер» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,5 мыңнан астам ипотекалық несие берілді .Бар-жоғы бір жылдың ішінде депозит жинап, мемлекеттік сыйақы арқылы «Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болғандардың бірі – мемлекеттік қызметкер Мұхамедияр Мейірбеков.

Мұхамедияр Мейірбеков, қала тұрғыны:

-Бұл бағдарлама жастар мен жұмыс істейтін азаматтар үшін өте тиімді деп ойлаймын. Себебі әрбір қазақстандықтың арманы – өз баспанасының болуы. Ал бұл соған тез әрі қолжетімді жол.

Қазір елде халықты баспанамен қамтуға бағытталған бірнеше ипотекалық бағдарлама бар. Жуырда олардың қатары тағы бір жобамен толықпақ. Осы жазда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

-«Ұмай» ипотекасын іске қосу жоспарда бар. Азия даму банкімен меморандумға қол қойдық. Жалпы көлемі 90 млрд теңге болады. Оның 50% «Жасыл ипотека», 50% «Ұмай» бағдарламасына бағытталады.

Сонымен қатар Қазақстанда тұрғын үй алуға арналған пайызсыз, яғни исламдық ипотека тетіктері де қарастырылып жатыр.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

-Біз Пәкістандағы ірі банктердің бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазір заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Егер Мәжіліс қолдаса, исламдық ипотеканы осы жылдан бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрліктерге қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамыту және оның көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Ал «Отбасы банкіне» халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға басымдық беру міндеттелді. Жалпы биыл елде 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал тұрғын үй құрылысын қолдауға шамамен 2,4 трлн теңге бағытталған.

Алуа Маханбет