Бүгін күн райы күрт бұзылып, Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер қолайсыз ауа райы ертең де сақталатынын айтады. Жауын-шашын салдарынан тұман мен көктайғақ болады. Сондай-ақ ауа температурасы күрт төмендеп, боран соғады, жел күшейеді. Бас қала Астананың өзінде жел екпіні 30 метр секундқа дейін жетуі ықтимал. Сондықтан мамандар алыс жолға шықпай, барынша абай болуға шақырады.
Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
-Қазақстан аумағының көп бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстік-шығысында және орталығында қалың қар жауады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста кей кездері күшті жауын-шашын қар түрінде болады. Республика бойынша жел күшейіп, көктайғақ, тұман күтіледі. Ал солтүстік өңірлерде боран болуы мүмкін.