Шымкенттегі жылыжайлар мен бау-бақшаларда үсіктен қорғау шаралары күшейтілді. Диқандар алқаптарды түтіндетіп, қазандықтардың қызуын барынша арттырып жатыр. Себебі ерте көктемде күн райы күрт құбылып, қалың қар жауды. «Термометр бағаны -16 градусқа дейін төмендеуі мүмкін»,- дейді мамандар. Биыл өңірде жалпы аумағы 21 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы өнімдерін егу жоспарланған. Бүгінде оның басым бөлігіне дәнді дақылдар мен мал азығы себілсе, қалған жер көкөніс пен бақша өнімдеріне бағытталған. Сала мамандары диқандардың еңбегі еш кетпес үшін сақтық шараларын барынша күшейтуде.
Сапарбек Ержігітов, бау-бақша кешенінің өндірістік директоры:
- Осы 13 жылдың ішінде үшінші рет осындай қатты суыққа тұтас келіп тұрмыз. 400-дей баллон алып келдік. 500-дей пресс. Одан бөлек 10-15 үлкен көлікпен түрлі қураған ағаш алып келіп отырмыз. Одан бөлек 2-3 тонна солярка. Осылар арқылы түнде осы жеміс ағаштың өзін алып қалуға әрекет жасаймыз.
Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Өнімділікті сақтау үшін алдын ала шаруа қожалықтың барлығына ескертеміз. Алдын ала айтқанбыз. Мынандай күндері күн суытуы мүмкін. Мынандай қауіп төнуі мүмкін егістікке дегендей. Сақтандырып қойыңыздар деп. Енді сақтандырудың да өз қиыншылықтары болады. Шаруа қожалықтар онымен келісуі де келіспеуі де мүмкін. Ол шаруа қожалықтың өз еркінде.