Павлодар облысында дауылдан келген шығын есептеліп жатыр

  • 22
  • 11.03.2026, 21:50

Екпінді жел 33 нысанның шатырын ұшырып әкеткен. Бірталай елді мекенде электр жарығы сөнген. Мал іздеуге шығып, адасып кеткен Баянауыл ауданы тұрғынының денесі бүгін таңертең табылды. Ақ түтек боранға байланысты авариялық-құтқару жұмыстары үш қала мен бес ауданда жүргізіліп, 107 адамға көмек көрсетілген. Синоптиктердің айтуынша, ауа райының бұлайша құбылуына Норильск аумағынан келген циклон себеп болған. Бүгін жағдай тұрақталып, полиция патрульдері 2600 автокөлікті колонналарға бөліп, жолға шығарды. Ал арнайы комиссия келтірілген шығынды анықтауға кірісті. Алайда облыс көлемінде тағы да дауылды ескерту жарияланды. Ертең қар жауып, боран соғады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 метрге жетеді.

Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:

-Бізде тәулік бойынша құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде барлық адамдар құтқарылды, тек қана бізде мына Баянауыл өңірінде Майқайың кентіне қарасты ауылда, Майқайың кентінен 15 шақырым жерде орналасқан қыстақта шаруа қожалығының малшысы жоғалып кетіп бүгін таңғы сағат сегіздерде мәйіті табылды.

Ирина Анохина, «Қазгидромет» орталығы РМК ПФ метеоболжамдар бөлімінің басшысы:

- Осы циклонмен байланысты негізгі және екінші суық фронттардың өтуі байқалды. Боран соғып, қар жауып, жел күшейеді. Екі күннен кейін күн жылып, ауа температурасы нөл градусқа дейін көтеріледі. Қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін.