«Алматылықтар көктем келді» деп қуанып қалып еді, бір түнде қаланы 27 сантиметрден аса қар басып қалды. Түннен бері мыңнан астам арнайы техника шаһар көшелерін тазалап жатыр. Синоптиктер болса: «Ауа райының наурыз айындағы мұндай құбылысы қалыпты»,- дейді. Күн райы қалай болады?
Алматыда дүйсенбіде ауа температурасы +19 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындар бір жадырап қалған еді. Артынша жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Синоптиктердің болжамынша, бүгін қар, жауын-шашын тоқтап, түнде -13 градусқа дейін суытады.
Дәулет Кісібаев, «Қазгидромет» РМК Алматы филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы:
- Алматылықтар наурыз айының өтпелі кезең екенін ұмытпауы керек. Бұл уақытта атмосфералық процестер қысқы кезеңнен жазғы кезеңге ауысады. Сондықтан суық ауа массаларының жиі енуі, мол жауын-шашын, екпінді жел тұрып, тіпті найзағай ойнауы мүмкін.
Бүгін ақпанның 39-ы. Күн райының күрт құбылуын алматылықтар осылай қалжыңға айналдырып отыр. Тек коммуналдық мекеме қызметкерлерінің әзілдеуге мұршасы болмай жатыр. Олар түннен бастап қаланың негізгі магистральдарын қардан тазалуға кірісті. Жалпы саны 75 бригада жұмылдырылған. 2710 жұмысшы және 1225 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Қуат Нұрланкұлов, мердігер мекеме қызметкері:
-Бүгін түнде де күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Егер ертең таңертең жауын-шашын тоқтамаса, күндізгі ауысым да күшейтілген режимге көшеді. Сонымен қатар тротуар, аялдама кешендері, баспалдақтар, жерүсті өткелдері мен пандустарды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Полиция көлік жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес берді. Себебі қардан кейінгі аяз бірнеше күнге созылады.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон