Алматыда шетелдік жұмысқа уәде берген компания тұрғындарды алдаған

  • 12
  • 11.03.2026, 21:45

Алматыда шетелден жұмыс тауып беремін деген компания мен тұрғындар арасында дау шықты. Kelbar компаниясы жүздеген азаматты жұмысқа орналастырамыз деп, алдын ала қомақты қаржы жинаған. Екіжақты келісімшарт түзілген. «Алайда уәдесін орындамай, тіпті әртүрлі желеу айтып, қаражатты қайтармай отыр», - дейді аузы күйген тұрғындар. Компанияның қызметін төлейміз деп несиеге батқан жандармен тілшіміз тілдесіп қайтқан еді, бірге тыңдайық.

Құрғақ уәдеге алданған тұрғындар «осы ғимараттың табалдырығын тоздырып жүргенімізге 3 жылға жуықтады», - дейді. Алды 2023 жылы келісімшарт жасаған. Содан бері 170 адам не жұмыс жоқ, не қаражатын қайтара алмай жүр.

Мақсұт Қалыбаев, тұрғын:

-Ауызбен айтты, соған сеніп қалдық қой біз. Бірақ договорды бірінші бермейді, бірінші наличкамен ақша әкелесің. Сосын барып келісімшарт жазады. Қолма-қол барып әкел деді, 198 мың әкелдім. Жеребе күт дейді, жеребе ол келмейді екен. Ол просто құлақтан тепкен нәрсе. Неше жыл болды жеребиді күтіп тұрмын мен.

Компания Еуропа елдерінде жұмыс істеу үшін құжат дайындап, шақырту алуға, виза рәсімдеуге көмектесеміз деп уәде еткен. Алайда жұмыс берушіден шақырту алғанымен, тұрғындар консулдықтың қабылдауына кіру үшін 9 айлап кезек күтумен келеді.

Құралай Бияздықова, тұрғын:

-Біз Польшаға голубика жинауға барамыз дегенбіз. Сол кезде Жансерік мырзаның өзі бізге жеке шығып, келіңіздер, мен жұмысты бәрін тауып беремін, бәрін реттеймін, бәрін дұрыстаймын деді. Біз сол кісіге сеніп, банкке барып несие алдық. Үш адам бірігіп.

Майра Мекеева, тұрғын:

-Арызданған адамдар 40 адамбыз. Толық адамдар. Олардың бәрі жан-жақтан. Польшаға барасыз, клубника жинауға барасыздар деген. Ол болмады, 330 мыңнан бердік, бәрі түгел берді. 2023-тен осы уақытқа дейін келе жатырмыз. Күтіңіз, күтіңіз, күтіңіз. Болды басқа ешқандай айтқан жоқ.

Компания өкілі Рауан Шерин бізден кінә жоқ, «консулдықтың жұмысына біз ықпал ете алмаймыз» деп ақталды. Аталған елдерге жұмысқа барғысы келетін азаматтардың көптігінен, күту уақыты да ұзарады дегенді алға тартты. Ал ақша мәселесіне келгенде өз есебі бар. 

Рауан Шерин, Kelbar компаниясының қаржы директоры

-Ақша не үшін алынады? Ең алдымен біз жұмысқа шақырту құжатын жасатамыз. Яғни Еуропадағы серіктестермен келісім аясында оларға белгілі бір мөлшерде ақша төлейміз. Бұл клиенттерден алынған қаражаттың шамамен 50 пайызы. Сол қаржы шақырту құжатын рәсімдеуге жұмсалады. Яғни шақыртуды жасатуға 4 айдан 6 айға дейінгі уақыт кетеді.

Компания өкілі қаражаттың жартысын ғана қайтаруға бейіл екенін білдірді. Алайда заңгер іс бойынша тұтынушылар құқын қорғау заңына қайшы тұстарды тізіп берді. 

Жанна Биятан, Алматы Қ. «Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Іс жүзеге аспайтын болса 100 пайыз ұсталып қалмайды. Бұл жерде 70/30 деген пайыз бар. Егер белгілі бір іс қызмет басталып, атқарылған болса соның өзінде 30 пайызын ғана ұстап қалуға құқысы бар. 70 пайызын қайтарылу керек. 30 пайыздың өзін ол көрсету керек, қандай іс-шараға пайдаланғанын. Егер дәлелденген болса, 30 пайызды ұстап қалады. Егер дәлелдемесе, ол да қайтарылуы керек.

Жәбірленушілер тиісті органдарға шағым түсіріп, компания мамандарының заң алдында жауап беруін талап етпек. Мәселенің нүктесі сотта қойылады.

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев