Алматылық қаржыгерлер Конституция жобасын талқылады

  • 7
  • 12.03.2026, 21:34

Жаңа Конституцияның 2-бабына ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі мен оны эмиссиялау құқығына қатысты нақты түзетулер енгізілді. Ұлттық валюта мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Ал оны Конституция деңгейінде бекіту теңгенің институционалдық маңызын нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. 

Жалпыұлттық коалиция мүшелері қаржы секторының өкілдерімен жаңа Конституция жобасын талқылады. Жиынға қатысушылардың айтуынша, негізгі заң елдің экономикалық дамуы үшін маңызды ережелерді бекітеді. Мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы инвестициялық ахуалды жақсартып, кәсіпкерлікті дамытады. Ұлттық экономиканы нығайтады.

Еркін Дүйсенов, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Ата заңның жаңа жобасында теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту қарастырылған. Құжатқа сәйкес, теңге Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы әрі жалғыз ақша бірлігі болып айқындалмақ. Осы арқылы біз өзіміздің экономикалық, соның ішінде қаржылық егемендігімізді қорғаймыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін арнайы аумақ құру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл да шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ететін фактор болады.