Алматы облысының әкімшілік орталығында цифрлық технологияның мүмкіндіктерін ашып көрсеткен ерекше дрон-шоу өтті. Қонаев қаласының көгінде 500-ден астам дрон қалықтап, көрермендерге өте әсерлі жарық композициялары ұсынылды. Аспанда Қазақстан картасы мен қазақ халқы үшін береке мен бірліктің белгісі саналатын шаңырақ бейнесі, көктем мен жаңарудың нышаны – қызғалдақ гүлі және «Наурыз құтты болсын!» деген мерекелік жазулар бейнеленді. Шоу барысында ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиғаға арналған композициялар да ұсынылды. Аспанда «15 наурыз – референдум» және «Жаңа Конституция» деген жазулар пайда болып, алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызын жеткізді. Дрон-шоуды тамашалауға бес мыңнан астам көрермен жиналды.
Ерболат Тұрымбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Біздің еліміз үлкен тарихи кезеңде тұр. 15 наурыз күні біздің еліміз үлкен Ата Заңды қабылдауға дайын. Осы дрон-шоуды ұйымдастырған, келген біздің жұлдыздарымызға, барлығына рақмет! Осылай халыққа ел болып, жұрт болып, осы үлкен мерекеге келіп жатқанымызға бәріміз де өте қуаныштымыз.