«Ауыл аманаты»: Қызылордада ауыл кәсіпкерлігі қарқын алды

  • 41
  • 13.03.2026, 21:36

Қызылорда облысының әрбір екінші тұрғыны ауылда тұрады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңір үшін ерекше маңызға ие. Аймақта бүгінге дейін мыңнан астам бизнес-бастама жүзеге асырылған. Бұл іс-шаралар өңірде егін мен мал шаруашылығынан бөлек, өндірістің өрге басуына сеп болған. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Азамат Жұмабаев 6 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысады. Бірақ өнім түрін көбейтіп, кәсібін кеңейту үшін қажетті техникалар болмады. «Мемлекеттік қолдау аясында тығырықтан шығар жол таптым»,- дейді кәсіпкер.  

Азамат Жұмабаев, кәсіпкер:

- «Ауыл аманаты» жобасы қосылғанын естіп, сол ауылдың, сол мекемеге барып, құжат толтырып, 2,5 пайызбен 8,5 миллион қаржылай қолдау алдық. Оған осы распильный станок, одан кейін осы ПВХ станок, жанында тағы да өзімізге керекті ауданда жоқ осы технологиялар әкеліп, қазір осындай услуга жасап жатырмыз қазір ауданда.

Ал Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірістік алаң ашылды. Кәсіпкерлер барлық талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз етілді. Бизнес иелері нысанды жалдау ақысынан босатылып отыр. Қазір мұнда жарнама өнімдерінен бастап, кондитер, жартылай фабрикат, қағаз өнімдері өндіріледі.

Нұргүл Бағымова, кәсіпкер: 

-Біз сияқты шағын кәсіпкерлер үшін өте жақсы қолдау. Мысалы, 2,5 пайызбен алған кредит, енді көптеген тағы да біз машиналар алдық, тігін машиналарын, станоктар алып жатырмыз. Жақсы қолдау болып жатыр мемлекеттен. Мына ғимаратты да бізге тегін беріп отыр.

Мамандардың айтуынша, өңірде осындай 5 өндірістік алаң ашылған. Алдағы уақытта тағы 9-ы іске қосалады. Оның ішінде 68 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ауыл кәсіпкерлігінің дамуы салық түсімінің де көбеюіне сеп болған.  

Гүлмира Исабергенова, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

-2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 238 миллион теңге салық және міндетті аударымдар түскен. 2024 жылмен салыстырғанда 80 пайызға артып отыр. Биылғы жылдың өзіне, 26-шы жылға 5,6 миллиард теңге қаралып отыр. Жоспар бойынша 526 жобаны іске асырамыз деп отырмыз. Жалпы басым бағыт кооперативтік жобаларға беріледі.

Алдағы үш жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға өңірге 21 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Бұл қаражат ауылдық жерлерде мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыруға бағытталады.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев