Алматыдағы референдум учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр

  • 15
  • 15.03.2026, 16:05

Алматыдағы референдум учаскелерінде дауыс беру жалғасуда. Дауыс беру барысын 2,5 мыңнан астам байқаушы қадағалап отыр. Олардың барлығы құқықтық сауаттылық бойынша арнайы оқытудан өткен. Байқаушылардың болуы әрине, дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттырады. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматыда дауыс беруге келген адамдардың көптігін айта кету керек. Бірақ ешқандай кідіріс жоқ. Учаскелерде бірнеше тіркеу үстелі ұйымдастырылған. Айта кету керек, референдум Наурыз мерекесі қарсаңында өтуде. Сондықтан мерекелік көңіл күйді аңғару қиын емес. Айтпақшы, учаскелерде тақырыптық фотоаймақ дайындалған. Яғни тарихи сәтке үн қосқан әр азаматтың естелік ретінде суретке түсуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, қаладағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, мүгедектігі бар тұрғындар үшін «Инватакси» қызметі жұмыс істеуде. 170 автокөлік адамдарды учаскелерге тегін жеткізеді. Сонымен қатар комиссияға үйде дауыс беретін азаматтардан шамамен 1600 өтініш түскен. Ал көру қабілеті нашар азаматтар үшін Брайль қарпімен жазылған арнайы трафареттер дайындалды. Сонымен қатар учаскелерде онлайн сурдоаудармашылар есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті ақпарат алуға көмектеседі.

Гүлжан Көленқызы, тілші: 

- Қосымша айта кетейік, Алматы тұрғындары автобус, троллейбус және метрополитен сынды қоғамдық көліктерде тегін қатынай алады.