Солтүстік Қазақстан облысында халық 581 референдум учаскесінде дауыс беріп жатыр. Саяси науқанға ауыл тұрғындары да белсенді қатысуда. Мәселен, Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында 6 дауыс беру орны құрылған. Өз таңдауын жасауға келгендердің қатарында ардагерлер хоры да бар.
Өнер ұжымы осындай іс-шаралардан қалыс қалмайды. Осы жолы да олар дауыс беріп болған соң, ән мен жырдан шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жалпы облыс бойынша маңызды науқанға 360 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр. Оның 4 мыңнан астамы өз таңдауын алғаш рет жасайды. Ал жүріп-тұруы қиын жандарға «жылжымалы жәшіктер» ұйымдастырылған.
Сафуан Жиентаев, халықтық ардагерлер хорының мүшесі:
- Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – заң. Заңсыз ел болмайды. Сондықтан бұл аса бір іргелі үлкен құбылыс деуге болады. Енді мынау негізгі Ата Заңымыздың қабылдауға ат салысайық деп Бескөл аудандық ардагерлер хоры референдумға қатысуға келіп отымыз.