Еліміздегі Конституциялық референдумға байланысты Сауд Арабиясында жүрген отандастарымыз үшін екі дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның бірі ел астанасы Риядта, ел екіншісі Джиддада орналасқан. Дауыс берушілер арасында студенттер де бар. Таяу Шығыстағы Қазақстан азаматтары қайда және қалай дауыс беріп жатыр? Белсенділіктері қандай?
Рауан Мыңбай, тілші:
- Елдегі жалпыхалықтық референдумнан Таяу Шығыста жүрген қазақстандықтар да шет қалып жатқан жоқ. Дауыс беру орындары екі жерде орналасқан. Бірі Риядта, екіншісі Джиддада. Отандастарымыз референдум учаскелеріне емін-еркін келіп, таңдау жасай алады. Бар болғаны бағытты қазақ дипломаттарына тиесілі елшілік және консулдық ғимараттарына бұру қажет. Ерекшелігі сол, араб жерінде тыныс-тіршілік негізінен кешкі уақыттарда қыз-қыз қайнайды. Күндіз көшеде кісі қарасы сирек. Бұған бір есептен Рамазан айы себеп. Дегенмен учаскеде бой көрсетіп, конституциялық құқығын пайдаланған Қазақстан азаматтары жетерлік. Белсенділік біртіндеп жоғарылап келеді.
Шамшырақ Жолдиева дауыс беруші:
- Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Көтеріңкі көңіл күймен Көрісу күнін тойлап, Конституциялық құқымызды қолданып жатырмыз. Еліміз өркендей берсін, аспанымыз ашық болсын!
Айта кеткен жөн, өңірдегі жағдайдың күрделі сипат алуына байланысты кей мемлекеттерде дауыс беру орындары ашылған жоқ. Тізімде Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан және Кувейт бар. Қауіпсіздік мақсатында бұл елдердің билігі қоғамдық іс-шараларды кейінге шегеріп отыр.
Ғалымбек Жақсымбет, №418 референдум учаскесі төрағасының орынбасары:
- Біздің консулдық есепте 150-ге жуық азамат тіркелген. Өңірдегі соңғы жағдайларға байланысты бірқатар жерлестеріміз елге оралған. Соған қарамастан 70-ке тарта азамат дауыс береді деп күтілуде. Оның ішінде Король Салман атындағы араб тілі академиясында оқып жүрген студенттеріміз келіп, азаматтық ұстанымын білдіруде.
Бұл жақта ахуал көрші мемлекеттермен салыстырғанда тұрақты деуге келеді. Сол себепті дауыс беру науқаны еш кедергісіз жүріп жатыр. Қазақстан азаматтары дипломатиялық қалашық аумағына төлқұжатын көрсетіп, кіре алады. Консулдық қызмет өкілдері жергілікті қауіпсіздік органын алдын ала ескерткен.
Рауан Мыңбай