«Референдум-2026» онлайн марафоны өтіп жатыр

  • 9
  • 15.03.2026, 16:09

Астанада Қазмедиа орталығында таңғы 9-дан бері «Референдум-2026» онлайн марафоны өтіп жатыр. Ол түнгі 1-ге дейін жалғасады. 16 сағатқа созылатын іс-шара барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, ел дамуы үшін маңызды деген бастамалар мен инновациялық жобалар таныстырылады. 

Таңертеңгі 9-дан шымылдығын түрген онлайн марафон бес алаңда өтіп жатыр. Мұнда қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен елімізге танымал тұлғалар өзара пікір алмасып, ой бөлісуде.

Бұдан бөлек, ток-шоу студиясы құрылғанын айта кету керек. Онда білім беру, креативті индустрия, цифрландыру, жасанды интеллект және жастардың мәдениетіне қатысты өзекті сұрақтар талқыға салынып жатыр. Сондай-ақ инновация алаңында жасанды инттеллект жобалары мен отандық стартаптар және IT өнімдер қойылған. Орталық коммуникация алаңында мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар 2 сағат сайын тікелей эфирге шықса, экспресс камера көрермендердің пікірін алу үшін интерактив форматта жұмыс істеп тұр. 

Әсіресе замануи ақпараттық технологиялар, цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және жас ғалымдардың ғылыми жобалары төңірегінде өте қызу пікірталастар болды.

5 түрлі алаңда 100-ге жуық сарапшы, заңгер, қоғам белсенділері мен мемлекет қайраткерлері сөз сөйлейді. Марафон республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында тікелей көрсетіліп жатыр. Khabar News ютуб-арнамыздан да көре аласыздар.