Шымкентте 56 мектепте ыстық тамаққа бөлінген қаржыны заңсыз иелену деректері әшкереленді. Яғни асханаға бармаған оқушылар үшін де жалған тіркеу жасалған. Сыртқы талдау жұмыстары кезінде мектептерде міндетті биометриялық жүйенің орнына талапқа сай келмейтін терминал қолданылғаны анықталды. Қазіргі таңда білім ордаларының директорларына қатысты қызметтік тексеріс басталды. Ал кәсіпкерлердің іс-әрекетіне құзырлы органдар құқықтық баға бермек.
Айта кетейік, саланы цифрландырудың нәтижесінде былтыр қыркүйек пен желтоқсан аралығында бюджеттің 700 миллион теңгесі үнемделген. Биыл қала бойынша 102 мың баланы тегін ыстық тамақпен қамту үшін 18 миллиард теңге бөлінді.
Қуаныш Ысқақов, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Мемлекеттік тапсырысқа қайшы келеді. Әр бала тамақтанатын кезде өзі тіркелуі керек. Тамақтанатын болса ғана біз қаражат төлеу керекпіз. Кәсіпкерлермен келісімшарт онсыз да осы оқу жылының соңында аяқталуы тиіс. Әрі қарай біз жаңадан басқа кәсіпкерлер қосамыз немесе оны жалғастырамыз. Әлі шешім қабылданбады.