Референдум толықтай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілді. Бұл халықаралық байқаушылар жасаған қорытынды. Сондай-ақ сырттан келген сарапшылар референдумның ұйымдастырылуы мен өту барысына жоғары баға берді.
Кешегі елдегі саяси науқанды байқауға әлемнің 38 мемлекетінен және 11 халықаралық ұйымынант359 өкіл қатысты. Байқаушылардың дені елімізге ақпан айының соңында келіп, референдумға дайындық барысы мен үгіт-насихат жұмыстарын бақылаған еді. Ал кеше дауыс беру барысын қалт жібермеді.
Игорь Петришенко, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бақылаушылар миссиясы: «15 наурызда өткен референдум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес өткізілді», - деген қорытындыға келді. Мемлекеттік билік органдары мен референдум комиссиялары азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруіне барлық мүмкіндікті қамтамасыз етті.
Миссия өз жұмысын еркін және тәуелсіз жүргізді. «Біз елдің заңнамасын, Достастық құжаттарын басшылыққа алып, сондай-ақ ашықтық, бейтараптық және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын ұстандық», - дейді байқаушылар. Нәтижесінде референдумда заңға қайшы әрекет байқалмағанын атап өтті.
- Бақылаушылар тіркеген жекелеген кемшіліктер техникалық сипатта болды және олар учаскелік комиссиялар арқылы жедел түрде түзетілді. Референдум нәтижелеріне әсер етуі мүмкін қандай да бір заңбұзушылық миссия тарапынан анықталған жоқ.
Сондай-ақ халықаралық байқаушылар саяси науқанның бейбіт әрі тыныш өткеніне мән берді.
Осман Местен, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының комиссия төрағасы:
- Біз референдумның саяси мәдениет пен тыныштық және бейбітшілік жағдайында өткенін көрдік. Халықаралық құқық стандарттарына немесе Қазақстан заңнамасына қайшы келетін жағдайды байқамадық.
Ұйымдастыру жағын да жоғары бағалады
Кабылбек Мамбетаипов, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясының мүшесі:
- Негізінен референдумға дайындық жақсы жоспарланған екен. Техникалық жағы, безендірулері, қажетті ақпараттармен қамтуы жүйелі түрде жүргізілгені көрініп тұр. Мен өзім 11 учаскеге бардым. Сағат таңғы 10-нан түскі 4-5-терге дейін жүрдік. Күннің суығына қарамастан, адамдардың белсенділігі жоғары болды.
Иә, халықаралық байқаушылар бәріне мән берген. Әсіресе, дауыс берушілердің референдумға тек өздері ғана емес, отбасымен бірге келіп, ел болашағы үшін шешім қабылдау дәстүрін балаларына көрсеткенін атап айтты. Бұл жоғары азаматтық жауапкершіліктің барын және халық ел ертеңіне бейжай қарамайтынын айғақтайды, - деп отыр.
Наталья Бударина, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының мемлекеттік хатшысы:
- Учаскелерде көтеріңкі, мерекелік көңіл күй болғанын арнайы атап өткім келеді. Барлығы бұл көріністі байқады. Дауыс берушілер кезекте тұрса да, отбасыларымен бірге келді. Балаларына көрсетті және бәрі достық атмосферада өтті.
Байқаушылар Орталық референдум комиссиясының жұмысына да оң баға беріп, «тіпті тәжірбие алмасып, үйренер тұсымыз көп екен», - деді.
Алуа Маханбет