Санаулы күннен кейін Рамазан айы аяқталады. Бұл айдағы ең қасиетті түн –Қадір түні. Ол мың айдан да қайырлы. Биыл ол Наурыз айының 16-нан 17- не қараған күніне түсіп тұр.
Діни деректерге сәйкес, дәл осы түнде қасиетті Құран түскен. Құранның «Қадір» сүресінде сол бір түн ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады деп баяндалған. Бұл кештің ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Жақсы амалдарды көбірек жасау үшін мұсылмандар бұл түнде мешіттерге барып, намаз, Құран оқып, дұға жасайды. Сонымен қатар тәубе етіп, садақа беруге көбірек көңіл бөледі. Ал мүфтият өз тарапынан рухни кешке арнайы бағдарлдама жасапты. Атап айтқанда, мешіттерде дәрістер, сұрақ-жауап түріндегі ойындар өткізіліп, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріледі.
Берікбол Жанақ, Республикалық бас мешіттің ұстазы:
- Қадір түннің бағдарламасы кешкілік құптан уақытының намазынан басталып кетеді. Қадір түнінің қасиеті жайында уағыздар айтамыз, мол ғибратты сауапты ізгі сөздерді насихат етеміз, сонымен қатар жамағатпен ғибадат орындаймыз, сауапты амалдар өткізіп қарсы аламыз.