«AMANAT» партиясы үндеу жасады

  • 9
  • 16.03.2026, 21:34

«AMANAT» партиясы жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты үндеу жасады. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде партия фракциясының отырысы өтті. Депутаттар референдум нәтижесі азаматтардың тарихи таңдауы болғанын және Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар бағытына кең қоғамдық қолдау бар екенін атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдаған. Партия өкілдері бұл шешім халықтың Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысын көрсететінін айтты. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Парламент пен мәслихаттардағы фракциялар, өңірлік филиалдар, жастар және волонтерлік ұйымдар арқылы жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыруға атсалысатынын мәлімдеді.                                          

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- 15-наурыз ел шежіресінде елеулі орын алатын тарихи оқиға болды. Бұл жұртымызды жұмылдырған, ұлтымызды ұйыстырған айтулы күн. Қуатты, Әділетті, Прогрессивті Қазақстанды таңдаған күн. Бұл мемлекет дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы. Референдум халқымыздың Президент реформаларына зор сенім артып отырғанын анық көрсетті. Жаңа Ата Заңда миллиондаған отандысымыздың талап-тілегі, үміті мен сенімі көрініс тапты. Сондықтан да жаңа Конституцияның қабылдануы – халқымыздың жеңісі, Президентіміздің жеңісі. Бұл барлығымыздың ортақ жеңісіміз.