Ол арнайы бағдарламамен Қостанайға келіп, балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Ата-жұртын аңсап келген жас жігіттің алдағы мақсаты - тегін анықтап, туған жерінің тарихымен терең танысу.
Алекс 2001 жылы Жезқазған қаласында туған. Бір жасында америкалық жұп асырап алып, Пенсильвания штатының Филадельфия қаласынан бір-ақ шыққан. Сол жақта оқып, білім алып, ер жетті. Бірақ өзі «жаным да, қаным да қазақ» деп отыр. Ес білгеннен туған жерге деген көңілім ерек. «Сондықтан Қазақстанда білім беру ұсынысы түскенде қуана құп алдым», -дейді.
Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы
-Қазақстан қатты ұнады! Қазақ халқының қонақжайлығы мен жомарттығына тәнті болдым. Мен өскен Америка жерінде қазақтар көп болған жоқ. Сондықтан өз елім жайында білетінім аз еді. Туған жерімді көріп, танып жатқаныма қуаныштымын.
Алекстің ағылшын тілін оқыту тәсілі балаларға да жаққандай. Қазір ол түрлі деңгейде тіл меңгерген 4 топқа сабақ береді. «Ойын, пікір алысу түріндегі оқу сабақтары қызықты өтеді» -дейді шәкірттері.
Аруна Алматова, оқушы:
-Алекс өте жақсы адам. Онымен өте қызықты сөйлесуге болады. Біз көбінесе настольный ойындар ойнаймыз. Бұл өте қызықты және де біз Алекспен бірге әртүрлі фильмдер қараймыз. Осы фильмдер арқылы біз ағылшын тілін үйренеміз.
Алекстің қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қызығушылығы зор. Тіл үйренсем деген де талпынысы бар. Тағы бір арманы Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен тарихын ғылыми түрде зерттегісі келеді.
Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы:
-Орталық Азия ғылым саласында әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Өкінішке қарай әлі күнге дейін ағылшын тілінде дәйекті дерек табу қиын. Сондықтан болашақта мен бұны өзгерткім келеді
Оқыту бағдарламасының шарты бойынша Алекс маусым айының аяғына таман Америкаға қайтуы тиіс. «Бірақ көп кешікпей Қазақстанға ораламын», -дейді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг