Екібастұз ресми түрде моноқалалар тізімінен шығарылды. Бұл шешім 78 экономикалық көрсеткіш бойынша жүргізілген кешенді талдаудың нәтижесінде қабылданды. Бүгінде қала көмір өндірісіне ғана тәуелді емес, көпсалалы индустриялық орталыққа айналды. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгеге жетіп, Павлодар облысындағы үлесі 40,1 пайызды құрады. Ал инвестициялар көлемі жоспарланған 737 млрд теңгенің орнына 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қалада металлургиялық кластер қарқынды дамуда: екі ферроқорытпа зауыты іске қосылып, тағы бір ірі жоба - құны 500 млрд теңге болатын электрометаллургиялық зауыттың құрылысы жүргізілуде.
2028 жылы іске қосылатын бұл кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім өндіреді. Энергетика саласы да даму үстінде: жаңа станциялар салынып, жел электр станциялары жобалары жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылда 12 мың жұмыс орны ашылып, тұрғын үй құрылысы мен бюджет кірісі айтарлықтай артты. Осылайша Екібастұз тұрақты әрі әртараптандырылған экономикасы бар қалаға айналды.
Жәнібек Шәйдікерім, ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
- Талдау нәтижесі көрсеткендей, соңғы жылдары Екібастұз қаласының экономикасы айтарлықтай әртараптанып келеді. Қала бұрынғыдай бір ғана салаға тәуелді болмай, бірнеше бағытта дамып жатыр. Өнеркәсіп көлемі өсіп, инвестиция тарту қарқыны да жоғары болды. Осыған байланысты 26-шы жылдың 10-шы наурызында қабылданған шешімге сәйкес, Екібастұз моноқалалар тізімінен шығарылды. Нәтижесінде елімізде олардың саны 20-дан 19-ға қысқарды. Бұл шешім қаланың экономикасы жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді