Бұл күн тек көктемнің жаңғыруын емес, еліміздің жаңа бағыттағы дамуын айшықтайтын ерекше датаға айналмақ. Себебі биылдан бастап Жаңару күні цифрлық трансформация тақырыбына арналып отыр. Бұл – Қазақстанның жаңа саяси дәуірімен үндесіп, технологиялық серпіліске бет алғанының белгісі.
Жаңару күні дәстүр бойынша табиғатты қорғау, ағаш отырғызу сияқты игі шаралармен байланысты. Алайда уақыт ағымына сай бұл мереке жаңа мазмұнмен толықты. Енді жаңару ұғымы тек табиғатпен шектелмей, технология мен инновацияны да қамтиды.
Бұл бағыттағы бастамалар еліміздің әр өңірінде көрініс табуда. Соның бір дәлелі – Орал қаласы. Мұнда студенттер жасанды интеллект көмегімен 5 бірдей цифрлық агент әзірлеген. Соның бірі құрылыс саласына арналған «ақылды менеджер». Ол үй жобасын жасаудан бастап, қажетті құрылыс материалдарын анықтайды және техникалық шешімдерді ұсынады. Тіпті пайдаланушы сұранысына қарай сәулет сызбасын да дайындап береді. Қазір бұл жоба қаладағы құрылыс компанияларының бірінде сынақтан өтуде.
Елер Бірманов, студент:
- Бұл агенттің бір жақсысы – ол саған әр уақытта кеңес беріп отыра алады. Мысалы, зауытта клиент жазады: «10×10 көлемді үй құрып жатырмын, не істеуге болады?». Ал біздің агенттің жауабы, мысалы, қандай фундамент, неден құйылады, ленталық па, қандайын қолданасыздар – барлығын толықтай сұрап алады. Сосын біздің зауытта мәліметтер базасында не бар, не жоқ – бәрін сәйкестендіріп, тексеріп, клиентке ұсынады.
Ал Шымкентте цифрлық технологиялар көрмесі өтті. Көпшілік назарына 100-ден астам жоба ұсынылып, IT саласындағы соңғы жетістіктер мен инновациялық тың бастамалар көрсетілді. Қатысушылар әсіресе оқушылардың үлгерімін интеллектуалды түрде талдайтын жүйеге қызығушылық танытып, химия мен физика пәндерін виртуалды ортада меңгеруге арналған жобаларға ерекше көңіл аударды.
Гүлнәр Дәрібаева, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы қарапайым дүниелерден бастап күрделіге дейін балаларымыз өткен. Ол адамның өмірін жеңілдететін ІТ саласындағы оң шешімдерді де ұсынып отыр. Жалпы жобалардың біраз бөлігі оқу процесіне енгізілген.
«Астана-Алматы» бағытындағы «Тальго» пойыздарын интернет желісіне жалғау бойынша пилоттық жобаның басталуы да Жаңару күнімен тұспа-тұс келеді. Жоба жыл соңына дейін кезең-кезеңмен барлық маршрутқа енгізіледі. Осылайша бұл күн тек табиғатты түлетумен шектелмей, елдің технологиялық дамуына серпін беретін мерекеге айналды.
Дана Әлиева, Ерденбек Жылқайдарұлы, Нұрсұлтан Мұхамеджан