Шығыс Қазақстан облысында тасқын қауіпі жоғары аудандарда сақтық шаралары күшейтілді. Күн күрт жылынса, өзендерде су деңгейі көтеріліп, қарғын су жайылуы әбден мүмкін. Мәселен, Алтай ауданында 11 елді мекен назарға алынды. Таулы-орманды өңірде қар қалың. Сондықтан бұл жаққа қосымша көмек көрсету мақсатында әскери бөлімдерден бір топ жауынгер келді. Олар арықтарды аршып, тасқын бола қалған жағдайда эвакуциялық жұмыстарға жұмылдырылады.
Алтай ауданында тасқынға қарсы жұмыс қауырт. Өйткені өңірде қар мол түсті. Ақ ұлпа қалыңдығы 1 метрге жуықтайды. Әсіресе тау етегіндегі, өзен жағасындағы ел-жұрт күнделікті назарға алынған. Ең қауіпті деген 11 ауыл анықталды. Мамандар әсіресе 3 елді мекенге алаңдап отыр.
Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:
- Үш ауыл. Ең бірінші – ол Зубовск және Богатырева және Соловева ауылдары. Біріншіден, Соловева ауылында Березовка деген өзен бар. Бұл Березовка өзенінің суы жан-жақтан таудан жиналады және арнасы 2024 жылы сыймай, су деңгейі көтерілген. Сол себептен біз Березовка өзенін арнасынын тереңдеттік және жағалардың бекіту жұмыстарын жүргіздік.
Күрделі климат пен жер бедерінің қиындығы тағы бар. Сондықтан қазір Алтайға әскери бөлім жауынгерлері келіп, қосымша көмек көрсетіп жатыр.
Сай-саладан еріген қар суы күрежолға да қауіп төндіреді. Былтыр Өскемен-Алтай, Үлкен Нарын, Қатонқарағай бағытында жартасты бойлай өтетін тасжолды су шайып, бірнеше сағат бойы көлік жүре алмай қалған болатын. Сондықтан мұндағы су құбырлары мен өткелдердің жай-күйі тексеріліп жатыр.
Саяхат Мұсапыров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШҚО филиалының бөлім басшысы:
- Республикалық маңызы бар жолдарда 1143 су құбыры, 88 көпір орналасқан.Олардың тазалығын тексерудеміз. Одан бөлек, осы жолдарда 5 су шаю қаупі төніп тұрған телім бар, олардың да жағдайы әрдайым бақылауда.
Бұдан бөлек, құтқарушылар жеті ауданда мұз шоғырлануы мүмкін 20 өзеннің ағысын бақылауға алды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өлкедегі өзендерде су деңгейі тәуліктік режімде бақылауға алынған. Ол үшін 49 гидробекет жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мұз көбесін сөгу шаралары да жиі атқарылып жатыр. Өйткені мұз осылай кесек-кесек болып бөлініп, шоғырланып қалған жағдайда ағысқа кедергі келтіруі мүмкін. Ал оның соңы тасқынға әкеледі.
Бүгінге дейін 11 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Шемонайхадағы Үбі өзенінде 12 мың шаршы аумақта мұз ұсақталды. Енді мұндай шара Қатонқарағай, Күршім аудандарында жоспарланып отыр.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов