«Текелі қаласындағы зиянды қалдық қоймасы жартылай ашық жатыр. 70 гектар аумақтағы өндірістен шыққан күл желмен ұшып, тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып отыр. Олар ауыр метал қалдығы денсаулығымызға зиянын тигізе ме?»,- деп алаңдайды.
Текелі қаласының дәл іргесіндегі мына алаңға 1965 жылдан бастап 2012 жылдар аралығында қорғасын мырыш комбинатынан шыққан күл төгілген. Қазір мұнда тереңдігі 67 метр болатын 34млн 500 мың тоннадан астам өндірістік қалдық бар деп есептеледі. Шахтадан шыққан су қоймаға құйылып жатыр. Содан көлшік пайда болған. Ал жиегіндегі күл дауылды күні көкке көтеріліп саяжайға тарайды. «Сондықтан тұрғындар рекультивациялау жұмысын жандандыру қажет»,- деп есептейді.
Нұрғазы Разбеков, Текелі қаласының тұрғыны:
-Жауып тастаған дұрыс қой. Көбіне Қаратальск жағына қарай барады. Бізге емес, солардың іліп қойған кірлеріне дейін жұғады.
Болатхан Әбиев, Текелі қаласының тұрғыны:
-Жергілікті тұрғындар «радиационный могильник» дейді. Совет үкіметі кезінде көмген ғой. Сонда да черный капательдер барады да қазады темір терсек шығарады. Денсаулыққа өте зиянды ғой.
2020 жылы 660 млн теңгеден аса қаражат бөлініп, қойманың беті топырақпен жабыла бастаған. Бірақ жобадағы кемшіліктерге байланысты жұмыс тоқтап қайта жалғастырылмады. Осылайша кенді шахардың экологиялық мәселесін шешуге бағытталған іс аяқсыз қалды.
Ерасыл Бекжанов, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
-Бұл экологиялық проблема деп санаймыз. Себебі бұл жерде тек қана қорғасын, мырыштың қалдықтары ғана емес, ауыр бағалы металдар бар. Қандай да бір желдің экстремалды жоғары ластану болған жағдайда бұл атсмосфералық ауаға көтеріліп, қоршаған ортаға адамдардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.
Экологтар өндірістік қалдық қоймасын жабу жөнінде жергілікті әкімдікке бірнеше мәрте хат жолдаған. Шахар билігі өзекті мәселені өндіріс орнын ашып, қалдықтарды өңдеу арқылы ретке келтіреміз деп отыр.
Қуандық Байсақов, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:
- «Хантаукен» компаниясы қараша айынан бері осы жерден анализ алды. Қазіргі таңда зертханаға өткізді. Қорытындысы шыққаннан кейін осы жерде жатқан түрлі түсті металдарды өңдейтін болады.
Қолға алынған жоба жүзеге асқанда ғана жыр болған мәселе оң шешімін табады. Ал оған дейін тұрғындардың тағы да үмітпен күте тұруына тура келеді.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев