Бүгін Астанада Қазақстан аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар мен архив материалдары таныстырылды. «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» халықаралық ғылыми симпозиум аясында өткен көрмеге мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломатия өкілдері, жетекші ғалым-археологтар, тарихшылар мен шығыстанушылар қатысты. Көрменің негізгі идеясы неде? Жошы Ұлысы тұсындағы археологиялық деректерді бүгінгі күнге жеткізуде қандай тетіктер қарастырылып отыр?
Алтын Орда түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым. Осынау кезеңнен жетіп, барлық музейде сақталған бірегей жәдігерлер бүгін көпшілік назарына ұсынылды. Көрмедегі негізгі жәдігерлердің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалар туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» атты қолжазба. Сонымен қатар Каталон атласы, жазба деректер, теңгелер мен тұрмыстық бұйымдар бар.
Ахан Оңғарұлы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры:
-Біз біріншіден, олардың генеалогиялық өзінің шежіресін көрсетуге тырыстық. Және де екінші бір ерекшелік біз міне, мемлекеттік биліктің жүйесін көрнекі түрде сіздерге көрсетіп, она қабырғаға қойып отырмыз. Басты мақсат толығымен оны зерттеу, мұрасын кеңінен насихаттау және Қазақстанның осы жердегі рөлін көрсету негізгі. Иә, сол арқылы өзіміздің дүниетанымымызды, көкжиегімізді кеңейту болды.
Көне жәдігерлер қайта жаңғырды
Еліміздің жас ғалымдары бүгінде жәдіргерлерді жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртуды қолға алды. Кімде-кім көне тиын-ақшаны немесе қандай да бір жәдігерді тауып алса, ол туралы толық мағлұматты арнайы жасалған қосымша арқылы алуға болады. Нейрожелі сол монетаның қай ханның тұсында, қай теңге сарайында қай жылы соғылғаны жайлы ақпаратты лезде ұсынады.
Бейбіт Әбдікен, Astana IT университеті ғылыми инновациялық ЖИ орталығының директоры:
-Тарих саласында жасанды интеллекті қолданып, жобалар жасап жатырмыз. Соның бір жобасы ол - Шағатай тілінің мәтінін тану және оның тілдік моделін жасау. Бұл жоба деңгейінде біз Астана IT университеті, ғылым ордасы, Ахмет Ясауи университеті және Гарвард университеті бірлесе үлкен жоба жасап жатырмыз. Одан басқа көне көптеген қыш заттары немесе мата заттары бар. Соны қайтадан реставрация, реконструкция жасау үшін жасанды интеллектті қолданып, сондай алгоритмдер жасап жатырмыз.
Көрмеде Қазақстан мен Ресей аумағындағы Гашун-Уста, Мульта, Золотарёв қалашығы ескерткіштерінен табылған Алтын Орданың ауыр қаруланған атты жауынгерінің сауыт-сайманы мен қару-жарағы да көрсетілді. Сондай-ақ Нью-Йорктегі Метрополитен музейі коллекциясындағы Жәнібек хан дулығасының 3D-визуализациясы ұсынылды. Бұл артефакт Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген. Бүгін жасанды интеллект көмегімен ондық әскери жүйеге негізделген ордалық әскердің тактикалық тәсілдері қайта жаңғыртылды.
Мақсатбек Салпынбек, Шәкәрім университетінің цифрлық офицері:
-Алтын Орда дәуіріндегі біздің батырларымыз қалай соғысқан, хандарымыз қандай тактика қолданған және олардың батырларының киімдері қандай болды деген сияқты. Сондай сол жұмыстарды біз археологиялық деректерге сүйене отырып, қайта жаңғырту болды. ЖИ-ға қатысты және цифрлық технологияларды қолдандық.
Азат Әбсадық, Astana IT университетінің жоба менеджері:
-Бұл Сығанақ әйелі, Ақсүйектің әйелі. Бұл кісінің материалдар бізге берілді. Киімдері, қандай киімдер киген, қандай әшекейлер киген, сол иә, қандай әшекейлер киген, соның бәрі бізге берілді. Сол ақпаратты біз жасанды интеллектке көрсете отырып, соны қалай жұмыс істеу керек, қалай көрсету керек, қандай ракурста соның барлығын жасай отырып видео жасадық. Бұл өте маңызды жоба деп ойлаймын. Өйткені болашақ ұрпаққа, оларға қазір негізі жастар көбінесе көзбен жақсы қабылдайды ғой.
Көрмедегі LED-экранда Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиялық кестесі көрсетілді. Машиналық көру технологиясы арқылы көне тиындарды оқу, жасанды интеллект негізінде салтанатты киімдер мен шағатай қолжазбаларын транскрипциялау көрмені заманауи ғылыми-танымдық кеңістікке айналдырды.
Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Айдос Серікболұлы