Астана және еліміздің өзгеде мегаполистеріндегі тұрғын үйлердің болашақ келбеті қандай болады? Бүгін елорда да осыны анықтауға арналған BI DNA халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. BI Group компаниясы мұрындық болған шара осыдан төрт ай бұрын басталған болатын. Жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен өтініш түсіпті.
25 ел, 40-тан астам архитектуралық бюро. Бұл аталмыш сайысқа қатысушылар саны. Бірнеше іріктеу кезеңінен сәтті өткен жетекші командалар бүгін финалда бақ сынады. Аталмыш байқау нақты іске арналған жарыс. Оның негізгі мақсаты – BI Group-тың әртүрлі жобаларында қолдануға болатын жүйелік архитектуралық және дизайн код жасау.
Эдвард Шурманс, байқау финалисі:
–BI DNA сияқты жарыстар бүгінгі күні шын мәнінде маңызды. Өйткені осындай сайыста әртүрлі қалалар мен нарыққа бейімделуге болатын жүйе жасалады. Бұл тек идея алмасу ғана емес, қағаздағы дүниені нақты нысанға, жайлы өмір сүретін ортаға айналдыруға мүмкіндік беретін жоба.
Байқаудың ерекшелігіде осында. Үздік деп танылған идея ескерусіз қалмайды. Ол пысықталып, кем-кетігі толықтырыла отырып нысан ретінде тұрғызылады. BI Group компаниясы бұл жобаны алдымен елордадағы Family City тұрғын ауданында іске асыруға ниетті.
Дмитрий Бочкарев, қазылар алқасының төрағасы:
–Біз осы байқауда үздік деп танылған кейбір шешімдерді өз жобаларымызда қолданатын боламыз. Оны алдағы бір-екі жыл ішінде Астанадағы тұтынушылар мен қала тұрғындары көре алады.
Ақтық сайыстың нәтижесі бойынша Италия мен БАӘ мамандарының бірлескен City Meta Lab командасы жеңімпаз атанды. Енді дәл осы құрам BI Group компаниясының болашақ жобаларына негіз болатын архитектуралық кодты әзірлейді. Астанада және одан тыс жерлерде салынатын жаңа тұрғын үй кеңістіктерінің болашақ келбеті осы байқау, осы алаң арқылы айқындалуда.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев