Наурыз тек жыл басы ғана емес, жаңару мен ізгіліктің бастауы. Халқымыз күн мен түннің теңеліп, жер бетіндегі тіршілік қайта оянатын кезеңді ерекше қарсы алған. Биыл да ұлық мереке еліміздің әр аймағында тойланып жатыр. Бүгін мәдениет пен білім беру ошақтарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Наурыз көне парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жаңа жыл» дегенді білдіреді. Қазақ халқының ұғымында да қытымыр қыстың қаһары қайтып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, көктемнің көкөзек шағында жер дүние жаңарып, жаңа кезең басталады. Шығыс халықтарына ортақ мерекені 2009 жылы ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосты. Бір жылдан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып белгіленді. Бұған Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара Теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінде 300 миллион адам тойлайтыны себеп болған.
Гюзаль Сүлейменова, Башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Біз үшін Наурыз мейрамы жазда келген мейрам. Бар халықтар бірлесіп тойлайтын мейрам. Көрісетін мейрам.
Наргизам Махмутова, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Бұл Наурыз біз үшін ерекше келді. Сондықтан да бүкіл Қазақстанды әз-Наурызбен құттықтаймын. Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын!
Бүгін елордадағы Достық үйі алдында этномәдени бірлестік өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары Наурызды тойлады. Салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз кеңінен дәріптелді. Асық асу, күрес, гір көтеруден сайыс өтті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде дастархан жайылып, ұлттың тағамдар ұсынылды.
Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚХА мүшесі:
- Жалпы қазіргі кездегі Қазақстандағы үлкен саяси ахуал, болып жатқан өзгерістердің бәрі осы бір қорытынды сияқты. Жақында ғана 15 наурызда бүкілхалықтық референдум болды. Жаңа Конституцияны мақұлдады Қазақстан Халқы. Сондықтан да осының бәрі жақсылыққа білінгей. Айтатын тілегіміз бұл күн жалпы Қазақстан үшін, әлемдегі алмағайып заманда бейбітшілік болсын.
Алматы облысында да мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қырғауылды ауылындағы мектепте балалар арқан тартып, садақ атты. Қол күрес пен асық ойындарынан бақ сынады.
Перизат Абдибаева, Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің директоры:
-Бүгін біз мектебімізде Наурыз мерекесін атап өтіп жатқан мақсатымыз - өскелең ұрпаққа көне болып қалған салт-дәстүрді үйрете отырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу.
Әйгерім Тұрсын, жаттықтырушы:
-Біз өзіміздің шәкірттерімізді, балаларымызды әртүрлі жарыстарға дайындаймыз. Садақ атуға, аттың үстінде де жамбы атуға, жерде атуға да дайындаймыз. Осы спорт түрін дәріптеп жүрміз қазіргі таңда.
Оқушылар дайындаған қазақы нақыштағы әшекей бұйымдар көрмесі мерекенің сәнін кіргізді. Ұстаздар қауымы ерулік, қымызмұрындық, шашбау тағу сияқты салт-дәстүрлерді насихаттады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин