Павлодар облысында 2 млн текше метр қар шығарылды

  • 8
  • 26.03.2026, 21:43

Павлодар облысында күннің күрт жылынуына байланысты коммуналдық қызметтердің жұмыс қарқыны артты. Наурыз айының ортасында қалың қар жауып, небәрі екі күннің ішінде үш айлық ылғал мөлшері түскен болатын. «Қазгидромет» мәліметінше, өңірдің орталық және шығыс бөліктерінде қардың қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткен. Қазіргі уақытта елді мекендер мен автокөлік жолдары тұрақты бақылауға алынған. Облыс орталығында еріген қар суын шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Қардың белсенді еруі алдын ала жасалған болжамға сәйкес, наурыз айының 20-нан басталды. Жергілікті атқарушы органдар қар шығару жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда 2 миллион текше метрден астам қар шығарылды. Инертті материалдар жеткілікті көлемде дайындалып, мыңнан астам су өткізгіш толық тазартылды. Жыл сайын көктемде Баянауыл және Ақтоғай аудандарына су тасқыны қаупі төнеді.

Думан Қыдырмоллаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Сілеті су қоймасында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД қатысуымен жұмыс кездесу өткізілді. Су тасқыны жағдайын бағалау үшін Сілеті өзенінің арнасына аэровизуалды ұшу жүргізілді.

Баянауыл ауданында жағдай тұрақты. Ал Шолақсор ауылы маңынан өтетін Сілеті өзенінде мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қардың жаппай еруіне байланысты облыс орталығында жер асты сулары көтерілген. Бұл жағдай коммуналдық қызметтің күшейтілген жұмыс кестесіне көшуіне себепші болды. 

Владислава Құсниденова, қоғам белсендісі:

- Шағынаудандар бойынша 25 мекенжайда жер асты сулары шығарылып жатыр. Литвинов көшесінде 4–5 ассенизатор тәулік бойы жұмыс істеуде. Сонымен қатар Екінші Павлодар шағынауданының тұрғындарына топырақ толтырылған қаптар таратылды. Тұрғындар еріген қар суына қарсы бөгет жасайды. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қардың көп мөлшері шығарылған. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, жағдай біршама жақсарыпты. 

Михаил Тронин, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Бастапқы кезеңде кейбір учаскелерде техника суды дер кезінде сорып үлгермей, белгілі бір қиындықтар туындады. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда, айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұрын жағдай күрделі болып, аулаларды жиі су басатын.

Тасқынға қарсы іс-шаралар облыстың барлық аумағын қамтып отыр. Жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін арнайы штаб құрылған. Қажетті күш пен техника жұмылдырылып, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев