Алматыда өзенде ағып бара жатқан итті құтқарған жігіттерге ескерткіш орнатылды. Арт-нысан Сайран көліне құятын Үлкен Алматы өзенінің жағасына қойылды. Жобаның бастамашысы – ForteBank. Мүсін шынайы оқиғаға негізделген. Онда жастардың итті құтқарған сәті айна-қатесіз бейнеленген. Мұны алматылықтар өзара көмек пен жанашырлықтың символы деп қабылдады.
Бұл оқиға осыдан 10 жыл бұрын болған. Суда ағып бара жатқан итті, сол маңда жүрген жігітер құтқарып қалған. Бір-біріне қол созып, тізбек жасап, арнаға дейін жетіп, ағып бара жатқан күшікті судан аман алып шыққан. Кейін белгілі болғандай, бәрі аяқастынан болған. Олардың ешқайсысы бір-бірін танымайды. Шұғыл шешім қабылдап, көмекке келген. Сол түсірілім әлеуметтік желіде кең тараған.
Антон Ким, «ForteBank» АҚ маркетинг бөлімінің басшысы:
- Арт-нысанды біз «Бірлік» деп атадық. Бір адамның қолынан ештеңе келмеуі мүмкін. Бірақ біріксе, қамалды алуға болады емес пе? Міне, соның көрінісі осы өте қарапайым іс. Мүсін адамдарды жақсылық, қайырымдылық жасауға жасауға шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Әкімдік біздің бастамаға қолдау білдірді. Халыққа ұнап жатыр. Біз соған қуаныштымыз.
Арт-нысанның авторы – қазақстандық танымал мүсінші Ербосын Мелдібеков. Композицияда соңғы адамның қолы қоршаудан сыртқа шығып тұр. Бұл осы маңнан өтіп бара жатқан адамдардың да қолын созып, «құтқару тізбегінің» бір бөлігіне айнала алады дегенді білдіреді.
Ербосын Мелдібеков, мүсінші:
- Әр скульптураның ұзындығы 180 см, салмағы шамамен 80-90 кг. Ленинградтың бір жігітін шақырдым, сосын менің достарым Бішкектің жігіттері сосын өзім. Бізге екі айдың ішінде істеу керек болды. Сондықтан 3 адам қосылды, сосын құюға барлығы 7-8 адам ғой. Бұл заманауи стильмен істелінген жұмыс.
Алматылықтар бұл бастаманы жылы қабылдады. Көпшілік оны мейірімділік пен бірліктің белгісі ретінде бағалады. Қарапайым адамдардың батыл әрі жанашыр әрекеті – көпке үлгі. Сондықтан бұл жоба адамдарға ізгі ой салады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев