Қалада 2366 гектардан аса аумақты дәрілеудің бірінші кезеңі жүріп жатыр. Бутаков шатқалы, Қарғалы, Медеу және Көктөбе баурайына дезинсекция жасалады. Сонымен қатар саябақтар мен парктер де дәріленеді. Кенеге қарсы удың адамдарға аса зияны жоқ екен. Дегенмен қауіпсіздік үшін дезинсекцияланған аумаққа кем дегенде 3 сағатқа дейін кіруге болмайды. Мамандардың айтуынша, Алматыда негізінен зиянкестің «Иксодес персулькатус» және «Дермацентор» сынды екі түрі көп кездеседі. Айта кетейік, осы маусымда кене инфекциясы тіркелмеген. Дегенмен абай болу керек. Мысалы, табиғат аясында ашық түсті әрі жабық киім кию қажет. Кенеге қарсы спрей де артық етпейді.
Бибігүл Нұрғалиева, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімнің бас маманы:
- Осы наурыз айынан бастап кене шағудан мониторинг жүргізіледі. Осы мониторинг деректері бойынша біздің эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері медициналық ұйымға 78 адам кене шағумен көмекке жүгінген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір деңгейде болып отыр. Былтырғы жылы осы кезеңде 79 адам көмекке жүгінген.