Астанада «INFOMATRIX ASIA» жеңімпаздары марапатталды

  • 10
  • 27.03.2026, 21:54

Бүгін Астанада «INFOMATRIX ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде оқушылар арасында өткізіліп тұратын бұл дода IT, инновация және ғылыми жоба авторларының басын қосты. Биылғы бәйгеге қатысуға 3000-нан астам оқушы өтінім білдіріп, олардың ішінен 600 қатысушы үздік атанған. Қатысушылардың жас ерекшелігі 10 мен 18 жас аралығы. 10 мемлекеттен келген 250-ден астам команда бақ сынап, замануи технологиялық шешімдерді ұсынды. Озық шыққан оқушыларға еліміздің беделді 14  жоғары оқу орнына білім гранты берілді.

Чен Кай Квонг, байқауға қатысушы /Гонконг/:

- Мен мұнда Гонконгтан келдім. Қатысушылардың деңгейі өте жоғары. Көптеген жас әзірлеушілердің жасанды интеллект және заманауи технологиялармен жұмыс істейтінін көріп, шабытым оянды. Бұл байқау бізге бәсекелесу ғана емес, дамуға, идея алмасуға және жаһандық тұрғыда ойлауға мүмкіндік береді.