Қостанай облысындағы бірнеше жолды су басты

  • 7
  • 30.03.2026, 21:32

Соңғы тәулікте қардың қарқынды еруіне байланысты Қостанай облысындағы бірнеше автожолды су басты. Атап айтсақ, Денисов ауданындағы Аршалы мен Набережный ауылын байланыстыратын жергілікті маңыздағы жолды су шайып кетті. Бірақ балама жол бар болғандықтан, елді мекенмен көлік қатынасы үзілген жоқ. Сондай-ақ Арқалық-Торғай аралығындағы облыстық маңызы бар автожолды да су басып, қозғалыс шектелген.

Қостанай ауданындағы Мичурин ауылының Астана, Восточный шағын аудандарына қарғын су қауіп төндірді. Көше жолдары жырылып, ағынды су арық бойымен жіберілді. Соның арқасында тұрғын үйлер мен аула аумақтарына су жеткен жоқ. «Жалпы облыс бойынша жағдай тұрақты толық бақылауда», - дейді мамандар. 

Алмаз Төлендин, Қостанай облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Өңірде тасқын судың қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Қандай жағдайға да тас-түйін дайынбыз. Облыстың оңтүстік аудандарына 6 мобилді топ жіберілді.  Олар күні-түні ауа райын бақылап, мониторинг жасайды. Оның сыртында Ұлттық ұлан жасақтарымен, әскерилермен бірлесіп, ауыл аймақтарды қардан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Жалпы қазіргі жағдай тұрақты деуге болады.