Қарулы Күштерде тамақтану жүйесінің жаңа стандарттары енгізіле бастады. Әскери қызметшілерге өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» және ұлттық тағам түрлері енгізілмек. Тамақ сапасын арттыру мақсатында аспаздарға оқыту жүргізіліп, бақылау рәсімдері күшейтілді. Тіпті анонимдік сауалнамалар арқылы әскерилердің пікірі ескерілді. Бүгінде әскерлерді тамақтандыру ісін жүргізу міндеті 23 қызмет көрсетуші ұйымға жүктелген. Байқау нәтижесінде 11 жаңа жеткізуші анықталды.
Сонымен бірге тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесі ұзақ мерзімді негізге көшірілмек. Келісімшарттар үш жылға жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді.
Есен Әділет:
- Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшудеміз. Бұл жерде негізгі назар әскери қызметшінің нақты қажеттілігіне аударылады. Швед үстелі элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әртүрлілігін қамтамасыз ету сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады.