Елімізді Түрікменстан Республикасымен жалғайтын төте жол жөнделіп жатыр. Маңғыстау облысында жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын трассаны қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталған. Биыл соның тең жартысын төсеу жоспарланған. Жобаны іске асыруға 250 техника мен 300-дей адам тартылған. Тек отандықт құрылыс материалдары қолданылып жатыр. Сонымен қатар жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғын.
Айта кету керек, қазақ-түрікмен арасындағы күрежолды жөндеу тәуелсіздік жылдары алғаш рет қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жол инфрақұрылымын 2027 жылы толық жаңартып, халықаралық бағыттағы көлік дәлізіне айналдыру күн тәртібінде тұр.
Қанат Сатыев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ МОФ директорының орынбасары:
- Қазіргі кезде бірінші кезеңдегі жер жұмыстары толықтай бітіп тұр. Сосын соның қапталында айналма жолы дайын тұр. Қазір төсеу жұмыстары басталды. Қара щебень дейміз, соның 11,8 километрі дайын тұр. Биылғы жылдың аяғына дейін 25 шақырымы толық бітеді. Бұл жол Түрікменстанмен, арғы жағында Иранмен тауар айналымын көбейтеді. Сосын туристік аймақтарымыз бар.