СҚО-да 800-ге жуық жас маман жұмыспен қамтылды

  • 7
  • 30.03.2026, 21:42

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 800-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Оның әрбір екіншісі қазір тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Жобаға қатысқан жастарға мемлекет тарапынан жалақы төленеді.

Әлішербек Мырзакерім 2021-інші жылы «Серпін» жобасымен Шымкенттен Петропавлға оқуға түсті. Қолына диплом алған соң «Жастар тәжірбиесі» бағдарламасымен облыстық сотқа өзі білім алған ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. 

Әлішербек Мырзакерім, СҚО Сот ақпараттық технологиялар бөлімінің маманы:

- «Жастар тәжірбиесі» бағдарламасының ерекшелігі – бұл оқу бітіргеннен кейін студенттерге жұмыс орнын тез табуға және теориялық алған білімін практикада қолдануға көмектеседі. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып, осында орналастым. Қазіргі таңда сол бағдарламамен жұмыс жасап жатырмын.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында «Жастар тәжірбиесі» бағдарламасы бойынша Әлішербек Мырзакерім секілді 764 адам жұмысқа орналасты. Өңірде негізінен білім беру, медицина, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. 

Болат Мағауиянов, СҚО Еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы:

- «Жастар тәжірбиесі» бағдарламасы – колледж және университет түлектеріне арналған мол мүмкіндік. Оған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Басты шарт – мамандығы бойынша еңбек өтілі болмауы керек.

«Жастар тәжірбиесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан әр адамға мемлекет тарапынан бір жылға дейін 130 мың теңгеден төленеді. «Бұл еңбек нарығында кадр тапшылығы мәселесін шешуге де оң ықпал етеді», - дейді мамандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков