Абай облысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректері әлі де тыйылар емес. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзудың 120 дерегі тіркеліпті.
«Профилактика» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде тағы бір заңсыздық әшкереленді. Қалбатау ауылындағы құрылыс нысандарының бірінде полицейлер заңсыз жұмыс істеп жүрген төрт шетел азаматын анықтады. Олардың ешқайсысында рұқсат құжаттары болмаған. Аталған дерек бойынша іс аудандық соттың қарауына жіберілді.
Тимур Айтқажы, Абай облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Жедел-профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз еңбек қызметінің алдын алу. Шетел азаматтары Қазақстан аумағында тек заң талаптарына сай еңбек етуі тиіс. Осы бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Әсіресе жұмыс берушілер заң талаптарын қатаң сақтауы қажет. Заңбұзушылықтың алдын алу – баршамызға ортақ міндет.