«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, су басуы мүмкін деген учаскелер саны 1,5 есе азайды. Қар ерігенде судың кедергісіз өтуін қамту мақсатында алдын ала жүргізілген шаралар оң нәтижесін берді. Былтыр 600-ге жуық су өткізу құбыры орнатылса, биыл тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, жер бедеріне, қардың түсімі мен оның көктемде еруіне байланысты әр жылда жағдай өзгеріп отырады. Сондықтан сақтық шаралары жыл сайын жүргізіледі.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Жалпы ұзындығы 25 мың шақырым автожолдар желісінде 1 429 көпір және 15 458 су өткізу құбыры бар. Су тасқынына дайындық аясында олардың барлығы толық тазартылды. Қазіргі таңда еріген суды өткізу үшін 974 құбыр пайдаланылуда. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 988 бірлік техника тартылып, арнайы кезекші бригадалар жасақталған. Барлық қызметтер проблемалық учаскелерге жедел шығуға дайын.