Шымкентте көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын

  • 7
  • 30.03.2026, 21:50

Биыл шаруалар 21 мың гектар алқапты игеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Астық пен мал азығына басымдық берілді. Сондай-ақ көкөніс пен майлы дақылдар да егілді. Сала мамандары: «Биылғы өнім көлемі 80 мың тоннадан асады», - деп топшылап отыр. 

Биыл қала аумағында барлығы 21 мың гектар жерге ауыл шаруашылығының өнімі егіледі. Алқаптардың басым бөлігіне арпа, бидай, мал азығы мен майлы дақылдар себу жоспарланған. Әзірге егістіктің 67% игерілді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қазір өңірде егін науқанының нағыз қызған шағы. Алқаптарға дәнді дақылдар толықтай себіліп, шаруалар енді майлы дақылдарды уақытылы егуге кірісті. Айтуларынша, биылғы қолайлы ауа райы мен сапалы тұқым мол өнім алуға кепіл болмақ.

Барқабай Есқараев өзіне тиесілі шаруашылықтың 207 гектар жеріне техника шығарды. Айтуынша, былтыр мақсарының өнімділігі жоғары болды. Биыл да майлы дақылдың таңдаулы тұқымын алдыртыпты. Енді ала жаздай жердің бабын келтіріп, күзде мол өнім жинап алуды көздеп отыр. 

Барқыбай Есқараев, шаруа қожалығының жетекшісі:

-  Уақытылы егіп жатырмын деп ойлаймын. Мақсарының ұрығын қыстыгүні алып қойғанмын. Былтыр бір азғантай егіп едім, жақсы шықты. Бидайды осы мақсары жапты. Биыл бұйырса, орта есеппен 10-ның үстінен алсам деген ниет бар. 10 центнердің үстінен алсақ жаман болмайды. 

Биыл Шымкентте егістік жер көлемі 2 мың гектарға азайтылды. Бұл қаланың қарқынды өсуімен тікелей байланысты. Сондықтан шаруашылықтарға майлы дақылдардың жоғары сұрыптарын егу ұсынылып, бюджеттен 20 миллион теңгеден астам субсидия қаралды. 

Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Майлы дақылдарға басым бағыт беріліп отыр. Бұл жерде майлы дақылдардың элиталы тұқымын сатып алуға субсидия беріледі. Сонымен қатар өндірілген өнімді қайта өңдеу цехтарына өткізілетін болса, тоннасына 20 мың теңгеден субсидия қарастырылған. 

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында минералды тыңайтқыштар, дизель отынына мемлекеттен жеңілдіктер жасалып отыр. Жылыжай шығындарын субсидиялауға да бюджеттен 863 миллион теңге бөлінген. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов