Енді қоғамдық орында никаб кигені үшін жаза қолданылады. Былтыр Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң қабылданған еді. Құжат нені көздейді? Заң нормалары қалай жүзеге асуда?
Енді Қазақстан заңнамасының талаптарын, қызметтік міндеттерді, медициналық, азаматтық қорғаныс, ауа райы жағдайында, сондай-ақ спорт іс-шараларына тікелей қатысатын адамдардың талаптарын орындау қажет болған жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешектерді киюге тыйым салынады. Демек никаб, яғни бет-әлпетін толық жабатын киім кию – заң талабын бұзу деп есептеледі. Тіпті ол үшін жаза да қарастырылған.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір қала іші, қай жер болсын байқасаңыздар, бет-аузын жасырып, қара киім кигендердің саны азайды. Себебі, заң нормасы қазір жүзеге аса бастады. Оны тиісті мелекеттік құзырлы органдар бақылауға алды. Қазір онлайн режимдегі идеологияға айналып бара жатқан теріс діни ағымдарға қарсы елдің салтын-дәстүрін, ұлттық мүддесі мен мұратын сақтау тұрғысында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де осындай ұстанымды қабылдауда. Мамандар бұл заң нормасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында енгізіліп отырғанын айтты.
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Ниқаб шариғатымыздың талабы емес. Тіпті ханафи мазхабында ол ниқаб таралмаған. «Ондай ниқаб тағып өзін ерекшелеу дінімізде құпталмайды», - деп те ғалымдарымыз айтады. Заңды ескере отырып, соған сай амал жасауға үндейміз адамдарды. Діннің талабы болмағандықтан, қоғамдық орындарда қауіпсіздік үшін беттерін ашып жүргені дұрыс болады. Мысалы, көп тараған бұл араб елдері. Араб елдерінде ыстық жел, құм деген нәрселер бар.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіретін киім, яғни никаб кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Құқықбұзушылық үшін бірінші рет ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұзушылықтардың себебін жою туралы нұсқауларын қасақана орындамағандарға қатысты да жауапкершілік көзделген.
Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев